Путиннің «өлім жазасы»: Ядролық бомбаны жару – Ресейдің кезекті бопасасы ма?

122

Соңғы жылдары Ресей саяси һәм әскери басшылығы тарапынан әлемге ядролық қаруды қолдану туралы айбат шегу дәстүрге айналып, Ресей саясаткерлері аптасына болмаса да, айына бір мәрте атомдық бопсаны ауызға алмаса, «бастары ауырып, балтырлары сыздайтын» хәлге жеткен.

Жуырда Ресей Мемлекеттік Думасының тағы бір депутаты («Единая Россия» партиясы) Андрей Колесник дейтін адам «ядролық қаруды сынақтан өткізу» туралы ұсыныс жасады.

«Қандай да бір полигонды таңдап алып, ядролық жарылыс жасауымыз керек. Батыстағылар көрсін! Ядролық қарудың қандай жойқын болатынын, оның зардабы қандай болатынын көрсін! Бізде қазір ядролық қаруды сынықтан өткізуге мораторий жарияланған. Әуелі сол шектеуді алып тастауымыз керек!», — деді Колесник.

Ядролық қаруды қолдану туралы ұсынысты ауызға алып отырған бір Колесник емес. Осыған дейін РФ Президенті әкімшілігінің кеңесшісі Сергей Караганов та Курскіге әскер кіргізген Украинаға қарсы ядролық қару қолдануды ұсыныстап сөйлеген. Ол тіпті, Б           ерлинге шабуылдауды сөз еткен.

РЕСЕЙ: ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ – БОС БЫЛШЫЛ ЕМЕС!

Ал Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведьев: «Ресейдің ядролық қаруды қолдану туралы сөздері – блэф, яғни, бос былшыл емес!», — деп айтқан.

Сарапшылар пікірінше Ресейдің соңғы жылдары ядролық бопсаны күшейте бастауының бірнеше себебі бар. Олар:

Бірінші: Ұжымдық Батыс пен АҚШ-қа осы арқылы ықпал етіп, Ресейге салынған санкцияларды алып тастауға мәжбүрлеу.

Екінші: Ұжымдық Батыс пен АҚШ бастаған елдердің Украинаға көрсетіп жатқан әскери-техникалық көмегін тежеу. Соның ішінде, «Storm Shadow», «Taurus» ЖӘНЕ «ATACMS» секілді алыстан көздейтін зымырандардың Украинаға беру туралы талқыны тоқтатуға ықпал ету.

АҚШ: ПУТИН ӨЗ-ӨЗІН ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА КЕСЕДІ!

АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Жон Болтон Ресей тарапынан ядролық қатерге қатысты дүр сілкінерлік мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, кез келген ядролық шантаж әрекеті, оның үстіне Украина аумағында Ресей тарапынан ядролық қаруды іс жүзінде қолдану Ресей басшылығы үшін қайтымсыз салдарға әкеледі.

«Егер Ресей Украинада ядролық қару қолданса, Владимир Путин өзіне өлім жазасына қол қояды», — деп мәлімдеді Болтон. Ол: «Ресейдің мұндай әрекеттері жауапсыз қалмайды! Және әлемдік қоғамдастық оның салдары апатты болатынын Мәскеуге айқын көрсетуі тиіс», — деді.

РЕСЕЙДІҢ ЯДРОЛЫҚ ҚАРУЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚУАТТЫ?

Ресей стратегиялық тежеу күштерін жаттықтыру барысында «Ярс» құрлықаралық баллистикалық зымыранын ұшырған еді. Бүгінгі күні Ресейдің ядролық қаруы әртүрлі тасымалдағыштарға арналған оқ-дәрілердің бірнеше сыныбымен ұсынылған. Зымырандар, бомбалар мен снарядтар жерден, судан немесе әуеден ұшырылуы мүмкін.

Қазір Ресейдің тактикалық ядролық қаруы ұрыс қаруы ретінде емес, тежеуші фактор ретінде көрінеді. Сондықтан да тактикалық қару-жарақ стратегиялық қару-жарақпен салыстырғанда аз қуатқа ие және мемлекеттік шекараларға жақын орналасқан. Мысалы, «Искандер» кешені, әр түрлі мәліметтер бойынша, 500-650 шақырым қашықтықтағы нысананы атуы мүмкін. Алайда, оның қуаты туралы нақты деректер жабық сақталады!

РЕСЕЙДЕ ҚАНША ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ БАР?

Ресей Федерациясы ядролық қару-жарақты жаңғыртумен үнемі айналысып келеді. Ресми мәліметтер бойынша, Ресейде ядролық оқ-дәрі саны шамамен 6000 бірлікті құрайды. РФ стратегиялық ядролық қаруы алыс қашықтықтағы зымырандардан тұрады. Олар жерден, кемеден немесе суасты қайығынан, жылжымалы кешеннен немесе бомбалаушыдан ұшырылуы мүмкін. Олардың атаулары: «Ярс», «Сатана» («Сармат»), «Тополь-М», «Авангард», «Қанжар», «Синева», «Лайнер», «Булава», «Посейдон», «Циркон».

Mezgil.kz