Алаяқтық жолмен рәсімделген несиені банктер өтейді

637

Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова Мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның айтуынша, биылғы маусым айынан бастап несие беру кезінде биометрия талаптары күшейді. Қарыз берілмес бұрын биометрия мен екі факторлы аутентификация жүргізіледі.

«Жыл басында заңнамалық деңгейде несие алудан ерікті түрде бас тарту норма қарастырылды. Қазір 700 мың адам egov-та бұл норманы қолданды. Енді егер де бұл талаптың болғанына қарамастан несие берілетін болса, онда соттың шешімі бойынша қарыз алушыдан бұл кредит есептен шығарылады. Бұдан бөлек қарыз алушының қатысуынсыз ресімделген борышты есептен шығару мүмкіндігі де бар. Бұл оның жеке деректеріне қандай да бір жолдармен қол жеткізілген жағдайларға қатысты», — деді агенттік төрайымы Мәжілістің жалпы отырысында.

Мәдина Әбілқасымова агенттік бүгінде алаяқтар рәсімдеген несиелерді есептен шығару бойынша негіздемелерді кеңейту мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты.

«Бірінші себеп, барлық мобильді қосымшада ақпараттық киберқауіпсіздік талаптарының бұзылуында. Біз Ресейдің тәжірибесін мұқият зерттедік. Егер барлық талап орындалмаса және несие алаяқтық жолмен берілетін болса, онда банк жауапкершілік арқалайтын болады. Екіншіден, алаяқтық операциялардың типологиясы бойынша негіздемелерді кеңейтеміз. Осыларды банктердегі тәуекелдерді басқару жүйесіне қосымша қосатын боламыз», – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы.