Ешқашан пәтерді сыйға алу бойынша сатып алмаңыз. Кейін ол үйден айрылып қалуыңыз мүмкін.
Қай кезде болмасын, басқа жанның атына тіркелген жылжымайтын мүлік сіздің атыңызға ауысқанда, барлық уағдаластықтар Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі аясында жүзеге асады, деп жазады IpotekaBlog. Сәйкесінше, Кодексте оның түрлі жолдары анықталған. Оның ішінде мұрагерлікпен алу, сатып алу, сыйға алу сынды бағыттар бар.
Егер Сіз үй сатып алып жатсаңыз, сатушы сізге нотариуста сатып алу-сату шарты емес, сыйға беру шарты арқылы үйді өткізіп берейін деп ұсыныс жасауы мүмкін. Оны салық төлеуден құтылу үшін қажет екенін айтып сылтауратуы да ғажап емес. Ондай ұсынысқа ешқашан келіспеңіз! Үйді тек сатып алу-сату шарты арқылы алыңыз! Сыйға беру шарты арқылы үй алсаңыз, кейін сыйға берген сатушы ол үйді қайтадан сот арқылы тартып алуы мүмкін. Себебі, кей жағдайларда Азаматтық Кодекс ондай мүмкіндік береді.
Азаматтық Кодекс не дейді?
Мәселенің басын ашып алу үшін, Кодекске үңілейік.
406-бапта «Сатып алу-сату шарты бойынша бiр тарап (сатушы) мүлiктi (тауарды) екiншi тараптың (сатып алушының) меншiгiне, шаруашылық жүргiзуiне немесе жедел басқаруына беруге мiндеттенедi, ал сатып алушы бұл мүлiктi (тауарды) қабылдауға және ол үшiн белгiлi бiр ақша сомасын (бағасын) төлеуге мiндеттенедi», — деп көрсетілген.
Демек Кодекс, заттың бір қолдан екінші қолға ақылы түрде өтуінің жалғыз заңды жолын сатып алу-сату шартына әкеліп тірейді.
Фото: Бахтияр Келіс, afar.com
Ал 506-бапта сыйға тарту шартының аясы анықталады. Кодексте ол туралы «Сыйға тарту шарты бойынша бiр тарап (сыйға тартушы) басқа тараптың (сыйды алушының) меншiгiне затты не өзiне немесе үшiншi тұлғаға мүлiктiк құқықты (талапты) тегiн бередi немесе беруге мiндеттенедi не оны үшiншi тұлғаның алдындағы мүлiктiк мiндеттен босатады немесе босатуға мiндеттенедi», — деп жазылады. Бірақ сыйға берілген затты сыйлаушының қайтадан өзіне қайтару жолдары да анықталған.
Қай кезде сыйлаушы өз мүлкін қайтарып ала алады?
Егер сіз пәтерді сыйға алу шартымен алсаңыз және (Құдай бетін ары қылсын) сыйлаушыдан бұрын өліп қалсаңыз, онда сыйлаушы сол пәтерді кері алып ала алады. Демек, балаларыңыз осы мүліктен айрылып қалуы мүмкін.
Егер сыйға беру шарты арқылы алынған пәтерді сыйға беруші кәсіпкерлік қызмет арқылы тапқан кірісіне сатып алған болса, ол банкрот болған жағдайда сыйға берілген пәтер қайтып алынып, қарызды жабуға кетуі мүмкін.
Кодекстің 512-бабы бойынша егер сый алушы сыйға тартушының өмiрiне, оның отбасы мүшелерiнiң немесе жақын туыстарының бiреуiне қастандық жасаса не сый берушiге қасақана дене жарақатын салса, сыйға тартушы сыйға тартудың күшін жоюға құқылы.
Ең бастысы, жылжымайтын мүлік бойынша операцияларға аса сақтықпен қарағаныңыз жөн. Дұрыс жасалмаған шешім үлкен қаржылық қиындықтарға әкелетінін ұмытпаңыз.