Дәрігер Дәуренбектің дәреметі

1787

«Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» дегенді дана халқымыз бекер айтпаса керек. Мұны мен өз басымнан өткен жәйдан анық көңілге түйдім. Осыдан екі жыл бұрын аттай шауып жүріп қыс айында қатты ауырып, екі бүйрегім сыр беріп, облыстық аурухананың урология бөлімінен бір-ақ шықтым. Тексеру нәтижесінен кейін дәрігерлер несеп жолына ота жасау керек деп шешті. Ота жасаушы дәрігер екі несеп жолының біреуінен яғни сол жақ несеп жолындағы тасты лазермен үгіткенін жеткізді. Ал, сол бүйректегі үлкен, мөлшері 7.5х5.0 см маржан тәрізді таспен оң жақ бүйрекке ота жасау үшін мұндағы ота құралдарының мүмкіндігі жетпейтіндігін айтты. Сол мезетте менің бүйрегімнің кінәраты екі жақты күрделі екенін толық түсіндім. Медицина тілімен айтқанда толық аңғарымы: Оң несепағардың жоғарғы бөлігінің тарылуы. Оң жақты субүйрек. Несетас ауруы. Сол бүйректің маржан тәрізді тасы. Уақыт оздырмай Алматыға бару керек екендігін жағдайдың күрделі екендігін жан дүниеммен түсіндім де дереу жолға жиналып, Оңтүстік астанаға қарай сапар алдым. Алматыға барған соң қалалық №4 ауруханаға табан тіредім. Мұнда Алихан есімді Шолаққорғандық жерлес дәрігер уролог болып жұмыс жасайды екен. Алихан қолынан келген көмегін аяған жоқ. Сол несеп жолындағы тасы лазермен үлгітіп несеп жолын тастан арылтты. Жинақталып қалған тастарды майдалап үгітті. Бірақ бүйректегі үлкен тасқа күрделі ота қажет екендігін айтты. Әңгіме барысында осындай күрделі жағдайлармен айналысатын өзінің ұстазы туралыда хабардар етті. Десе де емдеу жұмыстарын әрмен қарай жалғастыру керек екендігін дәрігерлер түсіндірді. Алғашында пендешілікке салынып қорқып, отаға аяғым тартпай жүрді. Солай жүргенімде дәрігер Алиханнан профессор Сеңгірбаев Дәуренбек Исақұлының мекен-жайы туралы мәлімет алдым. Және ол кісі жөнінде біраз науқастардан өте жақсы пікірлер естіген соң, осы профессорға баруға бел будым. Өзім де осы кісі туралы мәліметтер іздей бастадым. Іздеу барысында Дәуренбек Исақұлының қазіргі Түркістан облысының киелі мекені Қазығұрт ауданының Ақжар елді мекенінің тумасы яғни біздің елдің азаматы екенін біліп, көңілім аз да болса орнына түскендей болды. Мәліметті әрмен қарай тереңдетіп ала бастадым. Ол кісінің жоғарғы санаттағы дәрігер, өз ісінің шебері және күрделі оталар жасайтыны туралы білдім. Ол кісіні іздеп жүріп Алматыдағы жұмыс орнынан тауып алдым. Дәуренбек Исақұлы С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің урология кафедрасының профессоры екен. Ол кісі алғаш сол бүйрегімді тастан арылтты, екінші ретте үстіміздегі жылы наурыз айының 17 жұлдызында Алматы қаласының орталық клиникалық ауруханасына арнайы жолдамамен бардым. Дәуренбек Исақұлы сол жерде урология бөлімінде жұмыс істейді екен. Барған күні тексерістен өткізіп, ертесіне отаға дайындады. Профессор оң жақ бүйректің зәр жолындағы тасты отамен алу керек деді. Мен келісімімді бердім. Ота ұзақ уақыт жасалыпты. Өйткені ота барысында тас тұрған

жерінде несеп жолының тарылуы анықталған екен. Несеп жолының тарылған жерін кесіп екі арасын қосып қайта жалғапты. Әрине отадан кейін қатты қиналу болды. Әйтсе де біртін-біртін қалыпқа келе бастады. Қазір бүйрегімнің жұмысы жақсарып, өзімді жақсы сезіне бастадым. Осы профессордың арқасында екі бүйрегімнің де кінәратынан арылғаныма өте қуаныштымын. Денсаулығымның қалыпына келуіне барлық білімі мен білігін салған Дәуренбек Сеңгірбаевқа ағалық алғысымды айтамын. Әрдайым халықтың денсаулығын жақсарту жолындағы жанқиярлық еңбегіне жеміс пен жетістік тілеймін. Абырой мен беделге бөлене берсін деген ақ тілегімді арнаймын.

Сәрсенбек ТЕҢІЗБАЕВ.