ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТКІЗІЛІП, ӘЛЕУМЕТТІК ЖАРНАМАЛАР ІЛІНДІ

871

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қос Жолдауында да жас ұрпақты жан-жақты тәрбиелеу арқылы заманауи да бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеп, мемлекетіміздің болашағын баянды ету мәселесіне мән берілді. Соған орай үшінші мегаполисте Жастар саясатына көңіл бөлініп, жас ұрпақтың жаман әдеттерден бойын аулақ салып, еліміздің болашағына тірек болатын азаматтар тәрбиелеуге арналған іс-шаралар мен насихаттық жұмыстар жоспарлы жүргізіліп келеді.

26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай, ағымдағы жылдың 25-маусымында Шымкент қаласындағы ғылыми кітапханада «Нашақорлық – ғасыр дерті» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Шымкент ҚПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, Психикалық денсаулық орталығының дәрігер мамандары, Жастар ресурстық орталығының өкілдері және ғылыми кітапхананың көрмелік-бұқаралық жұмыс секторының қызметкерлері қатысты.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – қоғамдық қасіреттің алдын алу, есірткінің адам ағзасына зиян келтіретіндігін, ұлттық сананы улайтындығын түсіндіру, сондай-ақ, жастардың спортқа деген сүйіспеншілігін арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және игі қасиеттерді бойына жинап, кітап оқуға шақыру болып табылады.

Іс-шара барысында нашақорлықтың зияндығы туралы бейнебаян ұсынылып, осы тақырыпта баяндамалар оқылды. Онда жастарды нашақорлық сияқты ғасыр індетіне айналған жаман әдеттен жеріндіретін, жас өмірін өксітіп өкініп қалмауға насихаттайтын ақпараттар көрсетіліп, көптеген фактілермен толықтырылды. Дөңгелек үстелге қатысушылар шымқалалық жастарды жаман әдеттерден арылту үшін олардың бойына ізгілік нұрын, адамгершілік қасиеттерді құятын іс-шаралардың да көп болуын, жастардың салауаты өмірге, спортқа, білімге қызығушылығын тудыру жолдары туралы ойларын ортаға салды.

Шымкент ҚПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков жастар арасында нашақорлықтың алдын алу және болдырмау бойынша жүргізіліп жатқан түрлі іс-шаралар туралы айтып өтті.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің тапсырысымен қаланың 10 негізгі жолдары мен көше қиылыстарында орналасқан билбордтарға есірткіге қарсы бағытталған әлеуметтік жарнамалар ілінді. Билбордтар Әл-Фараби алаңы, Қонаев даңғылы мен Іляев көшелерінің қиылысы, Тәуке хан даңғылы мен Тәшенов көшелерінің қиылысы, Қалдаяқов пен Жангелдин көшелерінің қиылысы, Рысқұлов көшесі, Қонаев даңғылы, Шымкент – Ташкент тас жолы,  Жұманов атындағы автокөлік базарының маңы, Төлеметов пен Сырым батыр көшелерінің қиылысы, сондай-ақ Желтоқсан мен Бейбітшілік көшелерінің қиылысына орналастырылды.

«Аталған жарнамалық билбордтар қала тұрғындарын есірткіден аулақ болуға және қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алуға шақырады және қоғам назарын осы мәселеге аударып, есірткіге деген теріс көзқарас қалыптастыруға бағытталған» – дейді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының инспекторы Бауыржан Карбеков.