БИЫЛ ШЫМКЕНТ ГАЗБЕН 94,7 ПАЙЫЗҒА ҚАМТЫЛАДЫ

434

Бүгінде Шымкент қаласы тұрғындарының 93 пайызы көгілдір отынмен қамтылған, деп хабарлайды ardak.kz ақпарат агенттігі. Яғни, табиғи газбен шаһардағы 81 елді мекеннің 42-сі толық, ал 31 елді мекен жартылай қамтылған. Қалған қамтылмаған елдімекендерге газ тарту жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, биыл Шымкент қаласында сағатына 250 мың текше метр көгілдір отын таратуға қауқарлы автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГРС-3) пайдалануға берілген болатын.

Қазіргі уақытта 1 магистралдық және 10 елді мекенде ішкі орамдық газ құбырының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңында Тұран магистралды газ құбырының құрылысы мен Батыс, Арғымақ, Ақтас, Нұртас, Ақтас-2, Ақжар, Сауле, Көкбұлақ, барлығы 8 елді мекенде құрылыс жұмыстар аяқталады. Нәтижесінде, қаладағы 20 мыңға жуық адам табиғи газға қосылып, қамту көрсеткіші 94,7 пайызға жетеді. Ал, 2025 жылы мегаполис тұрғындарының 100 пайыз көгілдір отынмен қамтылуы жоспарлануда.

Сонымен қатар 2022 жылы кәрізбен қамту көрсеткіші 60 пайызға жетеді. Шымкент қаласындағы 81 елді мекеннің 19-ы. кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген болса, биыл кәріз жүйесіне қосылған елдімекен саны 6-ға артады. Осылайша қаланың кәрізбен қамтылу көрсеткіші 54 пайыздан, 60 пайызға жететін болады. Бүгінде бұл көрсеткішті арттыру мақсатында барлығы 16 нысанның құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда 2 магистралды кәріз коллекторы, 1 кәріз сорғы станциясы және 13 елді мекенде ішкі орамдық кәріз құбырлары тартылуда.

Жыл соңына дейін Арғынбеков, Тұран магистралды кәріз коллекторларының және Достық кәріз сорғы станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Сонымен бірге, Самал-3, Мирас-Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік – Шығыс, Хлопзавод, Жұлдыз тұрғын алабындағы ішкі орамдық кәріз жүйелерінің құрылысы аяқталып, осы 6 елді мекен орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады.