Мемлекеттің байлығы азаматтар болса, болашағы – жас ұрпағы. Сондықтан да, Мемлекетіміз жас ұрпақ мәселесін үнемі назарда ұстап отырады. Жастардың теріс жолға түсіп, құқық бұзуының алдын алу мақсатында, қылмыскерлік жолға түсіп кетуінен қорғап, сақтандыру үшін Ішкі істер органдары тұрақты жұмыс жүргізеді.
Шымкент қалалық полиция департаментінің қызметкерлері үстіміздегі жылдың 17-30 маусымы аралығында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық шарасын өткізуде. Іс-шараны өткізу барысында ювеналды полиция қызметкерлері көңіл көтеру — сауық құру нысандары мен жалпы жастар көп жиналатын орындарға рейд жасап, кәмелет жасына жетпеген жасөспірімдер арасында бір — біріне қарсы немесе ересектер тарапынан оларға қарсы құқық бұзушылықтар мен қылмыстар орын алуына жол бермеуге тырысады. Осы шараны өткізу барысындағы түнгі рейдтерде заңдылықты сақтамай, құқық бұзушылыққа жол берген азаматтар жауапкершілікке тартылды.
Осылай жан-жақты жүргізілетін іс-шаралар көше кезіп, басына бәле іздеген жасөспірімдер қатарын кемітіп, тәрбиелі жастарымыздың қатарын толықтыра түсері сөзсіз.