Бүгінде жастар саясаты тәуелсіз Қазақстан елінің басты басымдықтарының бірі болып табылады. Сондықтан да елімізде жастарды жалпы қоғамдық үдерістерге қосу мақсатында ынталандыру шаралары іске асырылып, олардың өзін-өзі жүзеге асыруы үшін мемлекеттік деңгейде жағдай жасалуда.
Мемлекеттік жастар саясаты Шымкент қаласында қалай жүзеге асырылуда? Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі шешімін қалай табуда? Қаладағы жастар арасындағы түйткілді мәселелер шешімін қалай тауып жатыр?
Ерлан Айтбаев, Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры:– Жастардың арасында ең өзекті болып отырғаны – жұмыссыздық мәселесі. Пандемияға байланысты елде ғана емес, бүкіл әлемде жұмыссыздық алдыңғы орынға шықты. Шағын және орта бизнес бұрынғы қарқынмен адымдай алмай жатыр. Жалпы жастарды жұмыссыз және Аутрич, NEET жастар деп екіге бөліп қарастырамыз. Аутрич, NEET жастар, заманауи тілмен айтқанда, «алтын жастар». Олар еш жерде жұмысшы ретінде тіркелмеген. Қолында ешқандай дипломы жоқ. Арасында базарда, автожуу бекетінде, кафе, ресторанда істейтіндері де бар. Жұмысшы ретінде заңды түрде тіркеліп, зейнетақы қорына ақша аудармағанымен, олардың күнделікті табысы бар. Табысын есептеп, бір айға шақсаңыз, әжептәуір.
Орталықтың негізгі міндетінің бірі – жастардың арасындағы жұмыссыздықты азайту. Осы мақсатта «Жастарға қызмет көрсету» бөлімі жұмыс істейді. Бөлім жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесіне терең талдау мен зерттеу жүргізіп, сараптап отырады. Мәселен, 83 респондентке жүргізілген сауалнамадан қазіргі таңда жастардың 75,9%-ы жұмыссыз екенін анықтадық. Респонденттердің 31,3% – жұмыспен қамту орталығына, 27,7% – интернет ресурстарына жұмысқа тұру мақсатында өтініш қалдырған. Сауалнамаға қатысқан жастардың үштен бір бөлігі ЖОО мен кәсіптік оқу орнында алған мамандықтары бойынша жұмысқа орналасудың қиын екенін айтады. Яғни 42,2%-ы білім алған мамандығы бойынша жұмыс істемейді, 25,3%-ы таңдаған мамандығы бойынша жұмыс табу қиын деп санайды. Тағы бір бөлігі (71,1%) жұмысқа орналасуда кездесетін ең басты қиындық ретінде жұмыс тәжірибесінің жоғын алға тартқан.