Түймебаев пен Әбдірахымовтың кезінде Шымкенттегі саябақ жерлері жекеге өтіп кеткен – заңгер

849

Шымкентте саябақ жерлерінің «жоғалуы» облысты бұрын басқарған Жансейіт Түймебаев (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазіргі ректоры) пен сол кездегі қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов кезінде көп болды. Бұл туралы заңгер Бақытжан Базарбек Azattyq Ruhy берген сұхбатында айтып берді.

«Олардың басқаруы кезінде Шимсая, Самал және дендропарк саябақтары талан-таражға түсті. Шимсаяның, Самалдың жалпы аумағы 25 гектар болған болса, жекеге шығару нәтижесінде 11 гектар ғана қалды. Бұған қоса саябақ салуға бөлінген 1 млрд теңгенің қайда кеткені белгісіз. Бұл қаражатқа жол, ұңғымалар, су өткізу жүйесі жүргізіліпті. Саябақтың ешқандай сметалық құжаты дайындалмай тұрып, бюджеттен қыруар қаражат бөле салған. Тіпті, құрылыс-монтаждау жұмыстарын студенттер жүргізген. Менің ойымша 1 млрд теңге саябақ салуға емес, біреудің «қалтасына» кетті. Кімнің? Бұл жағын енді анықтаймыз. Жер учаскелерін басқару департаменті қазір бұл іске қатысты фактіні жариялайды», – дейді Бақытжан Базарбек.

Оның айтуынша, дендропарктің шұрайлы бөлігіне коттедждер мен зәулім сарайлар салған.

«Дендропарк аумағы – 119 гектар. 2016 жылдан бері оның аумағы өзгерген жоқ. Бірақ паркте коттедждер мен зәулім сарайлар пайда болған. Кейін белгілі болғандай, әкімдіктің «көмегімен» саябақтың конфигурациясы өзгерген. Яғни, парктің формасын бұзып, керек емес бос жатқан жерді саябақ аумағына қосып қойып, шұрайлы жақсы жерді бөліп алған. Факт бойынша әуел бастағы 119 гектар сол күйінше тұр. Бірақ саябақтың ең құнарлы, өсімдігі мол жерін бос жатқан жермен алмастырып қойған. Бұл қылмыс емей не болды сонда? Шымкент қаласының жер қатынастары туралы департаменті бұл бұзушылықты анықтады. Дәл осындай жағдай Шимсая, Самал парктерінде де болып отыр», – дейді заңгер.