ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ БАСТЫ НАЗАРДА

976

«Қалың қалай бастауыш?» акциясы аясында, «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының құрамындағы «Манкент Шипажайы» мекемесінде кәсіподақ мүшелерімен кездесу өтті.
Кездесуге «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төраға орынбасары Лесбай Қозбахов, «Манкент Шипажайы» мекемесінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бегзад Азизов және кәсіподақ мүшелері қатысты.
Кездесуде өз кезегінде сөз алған аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, қатысушыларға кездесу Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы қызметінің стратегиясында белгіленген міндеттерді орындау мақсатында бастауыш ұйымдарды қолдау және еңбек ұжымдарымен тікелей «Кері байланыс» орнату мақсатында өткізіліп отырғанын жеткізді. «Кәсіподақ қолданыстағы заңнаманың негізінде еңбек адамының құқықтарын қорғайтын бірден-бір қоғамдық ұйым. Бүгінде Кәсіподақтар әрбір кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғау, кәсіподақтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуді өз қызметінің басты мақсаты ретінде белгілеп отыр. Осы ретте азаматтардың еңбек қатынастары даулары мен түрлі әлеуметтік мәселелерін шешу үшін Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен «Заң клиникасы» мен «Татуласу орталығы» құрылып, тегін қызмет көрсетуде» — деді.
Бұдан бөлек кездесу барысында салалық кәсіподақ төрағасының орынбасары Лесбай Қозбахов 2022 жыл «Әлеуметтік әріптестік жылы» деп жариялануына байланысты Кәсіподақтар федерациясы тарапынан лайықты еңбек жағдайларын жасау, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің құқығын қорғауда бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстары бойынша сөз қозғап, еңбек адамының кауіпсіздігін қамтамасыз ету мен әлеуметтік жағдайын көтеру, еңбек жастарын қолдау мәселелеріне кеңінен тоқталды.
Сондай-ақ ашық диалог түрінде өткен кездесуде кәсіподақ мүшелері өздерінің көкейіндегі сауалдарына тұшымды жауаптарын алып, аталмыш шаралардың жиі болуына тілек білдіріп тарқасты.