«ҚАЛЫҢ ҚАЛАЙ, БАСТАУЫШ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМ?» АКЦИЯ АЯСЫНДА ЕҢБЕК ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

266
ҚР Су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай «Су құбыры және канализация басқармасы» мекемесіне арнайы барып, Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеев кәсіподақтың «Қалың қалай, бастауыш кәсіподақ ұйым?» акциясын өткізді.
Бұл – формалды жиын емес. Бұл – кәсіподақтың ең төменгі буыны – біріншілік ұйымның шынайы тыныс-тіршілігін, жұмысшылардың көңіл-күйін, ұсыныс-пікірін өз ауыздарынан естуге бағытталған ашық алаң.
Сапар барысында Бауыржан Әлтеев мекеменің жұмыс барысымен танысып, түрлі учаскелердегі қызметкерлермен кездесіп, еңбек жағдайын көзбен көрді.
Жұмысшылар еңбекақы, еңбек қауіпсіздігі, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау мәселелерін көтерді.
Бірінші кезекте айтылған ұсыныстар мен тілектер – кәсіподақтың күн тәртібіне алынып, нақты шешім қабылдау мақсатында хаттамаға енгізілді.
Бұл кездесуде жай ғана пікір алмасу емес, нақты проблемаларды бірге шешуге бағытталған ынтымақтастық үлгісі байқалды.
Кездесу барысында кәсіподақ төрағасы Бауыржан Әлтеев ұжымға арнаған сөзінде маусым-шілде айларындағы кәсіподақ қозғалысы үшін ерекше тарихи маңызға ие оқиғаларға тоқталды:
— 11 шілде күні Астанада өтетін XXVII съезд – соңғы бес жылдағы Федерация жұмысының қорытындысы жасалатын, жаңа белеске бастайтын шешуші сәт.
«Съезд барысында біз Федерацияның 2025–2030 жылдарға арналған жаңа даму стратегиясын қабылдаймыз. Бұл құжат – еңбек адамының құқықтарын қорғаудағы және әділетті еңбек қағидаттарын нығайтудағы басты бағыт болады», – деді Б.Әлтеев.
Сонымен қатар, шілде айында Астанада алғаш рет өтетін ауқымды халықаралық шара –Жазғы мектебі (ВЕРС) туралы да ерекше атап өтті:
«Жазғы мектеп – бұл жай ғана оқыту емес, бұл – кәсіподақ жастары мен халықаралық әріптестер арасында сенімді серіктестік орнататын бірегей алаң. Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл шара лайықты еңбек мәдениетін дамыту жолында жаңа көкжиектерге жол ашады», – деді ол.
Осылайша, кәсіподақ қозғалысы еңбек адамына жақын болу, нақты сұхбат пен нақты әрекет арқылы жүйелі дамуға бағыт алуда.
Кездесу соңында кәсіподақ тарапынан оң ұсыныстар айтылып, бірқатар мәселелерді бірлесіп шешу бойынша жоспарлар құрылды.
Су шаруашылығы саласындағы адал еңбек иелерінің жағдайы – кәсіподақ назарында. «Қалың қалай, бастауыш кәсіподақ ұйым?» жобасы басқа да еңбек ұжымдарында жалғасын табады.