Полиция баса-көктеп келсе я күштеп әкетсе… Шақыру қағазын әкелгенде нені білу керек?

2048

Қазақстанда полицей шақыру қағазын ұстата сала бөлімшеге дереу баруды талап етуі, күштеп әкетемін деп кісінің үйіне баса-көктеп кіруі, қол жұмауы жиі болып тұрады. Заң органдарымен бетпе-бет келіп көрмеген азаматтардың көбі мұндайда абыржып, не істерін білмей қалады, құқығының тапталуына жол береді. Шындығында шақырту қағазы қандай жағдайда беріледі? Құжатпен танысқанда неге мән беру керек? Шақыру әкелген полиция қызметкері заңбұзушылыққа жол берсе, не істеу керек? Азаттық осы және өзге де сұрақтарды құқық қорғаушылар мен заңгерлерге қойып көрді.

ШАҚЫРУ ҚАҒАЗЫ ДЕГЕН НЕ ЖӘНЕ ОЛ ҚАЛАЙ ТАБЫСТАЛАДЫ?

Евгений Жовтис, Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының директоры:

– Азаматтық, әкімшілік кодексте шақыру қағазы (повестка) деген ұғым жоқ. Сондықтан ондай істер бойынша шақыру қағаз берілмейді. Яғни полиция қызметкері әкімшілік өндіріс бойынша ондай құжат әкеле алмайды. Шақыру қағазы деген ұғым тек қылмыстық-процестік кодексте бар және оның өзі қылмыстық іс қозғалған жағдайда ғана беріледі. Өйткені бұл – маңызды құжат. Оны учаскелік полиция қызметкері жазып бере алмайды. Тек қылмыстық процесті жүргізетін уәкілетті қызметкер, яғни не тергеуші, не анықтаушы жазуға құқылы.

Маржан Аспандиярова, құқық қорғаушы:

– ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 208-бабында (Айыпталушының келу мiндеттiлiгi – Ред.) шақыру қағазының қандай болу керегі жайлы нақты тәртіп бар. Өкінішке қарай, шақыру қағазы көбіне дұрыс толтырылмайды. Заң бойынша шақыру қағазы жеделхат арқылы да берілуі мүмкін. Құжатта міндетті түрде не үшін, кім ретінде, қандай іске байланысты шақыртылғаны жазылуы тиіс. Тергеу мекемесінің орналасқан жері, тергеушінің кабинетіне дейін жазылады. Шақырудың жоғары жағында тергеу органы немесе ішкі істер басқармасының мөрі болуы керек. Егер адам белгілі бір жағдайға байланысты келе алмаса, оған себебін түсіндіруге мүмкіндік беріледі.

Ғабдұл-Ғани Әбутәліп, заңгер:

– Кұқық қорғау органы өкілдері SMS хабарлама немесе жеделхатты шақыру қағазымен тең көреді. Егер сізге SMS әлде жеделхат келсе, ондай шақыруға бармай-ақ қойыңыз. Өйткені бұл заңсыз. Тіпті телефонмен хабарласып, «осындай жерге, осы уақытта келіңіз» десе де бармауыңызға болады. Мұндай ескерту заңда қарастырылмаған. Қылмыстық-процестік кодекстің 208-бабында не шақыру қағазбен, не «өзге байланыс құралдарын пайдалана отырып шақырылуы мүмкін» деп жазылған. Бірақ қандай байланыс құралы екені анық көрсетілмеген. Сондықтан оны шақыру қағазы деп қабылдау дұрыс емес.

Ғалым Нұрпейісов, Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты:

– Шақыру қағазында тергеушінің аты-жөні, шені, қылмыстық істің нөмірі, азаматтың кім ретінде шақырылғаны, күні мен уақыты көрсетіледі. Бір ескеретін жайт, әкімшілік өндірісте тек алып келу және жеткізу деген ұғым бар. Онда шақыру деген жоқ. Уәкілетті өкіл, мәселен учаскелік полицей немесе прокурор қаулы етіп, қозғалған әкімшілік істің аясында осы азаматты алып келу туралы шешім қабылдайды. Ал жеткізу – судьяның азаматқа қатысты бұлтартпау шарасын анықтау үшін қолданатын тәсілі. Соның аясында учаскелік полиция қызметкері адамды сотқа апарады. Соттың қаулысы болмайынша, үйге келіп, адамды алып кетуге болмайды. Бұл – әкімшілік кодекс талаптарын бұзу әрі еркіндікті шектеу. Ары кетсе үш сағатқа дейін ұстай алады, одан көп уақыт ұстауға тыйым салынған. Бұл әкімшілік және қылмыстық кодексте анық жазылған. Енді шақыру қағазына келсек, оның өз талаптары бар. Негізінен бұл адамды сотқа әлдебір қылмыстық іс бойынша жауап алу немесе көзбе-көз беттесу үшін шақырылғанын хабарлайтын құжат.

ШАҚЫРУ ҚАҒАЗЫ КІМГЕ БЕРІЛЕДІ?

Евгений Жовтис, Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының директоры:

– Бұл құжат құқықтық статусы анықталған тұлғаға ғана беріледі. Олар кімдер? Күдікті, куәгер, жәбірленуші және айыпталушы. Осы төрт мәртебе берілген адамға шақыру қағазы жіберіледі. Ең бастысы, құжатта адамның кім ретінде шақыртылғаны жазылуы керек. Көрсетілмесе, бұл құжат заңсыз. Яғни іс қозғалмаса, шақыру жоқ деген сөз. Өйткені жауап алуға бару үшін адам ең алдымен статусын білуі керек. Егер адам күдікті, айыпталушы немесе қорғауға құқығы бар куәгер болса, адвокат шақыруға хақылы, әрі сұрақтарға жауап беруден бас тарта алады. Егер құжатта кім ретінде шақыртылғаны көрсетілмесе, адам неге құқылы екенін біле алмайды.

ШАҚЫРУМЕН КЕЛГЕНДЕ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Ғабдұл-Ғани Әбутәліп, заңгер:

– Алдымен шақыру қағазын алып келген адамның кім екенін анықтап алған жөн. Аты-жөні, лауазымы, қай бөлімшеден екенін сұрап, жетонын немесе куәлігін көрсетуді талап ету керек. Үй иесі есікті ашпауға құқылы. Есікті ашпай-ақ жеке деректерін біліп алыңыз. Мүмкіндік болса, полиция бөлімшесіне хабарласып, «осындай қызметкер істей ме, жоқ па?» дегенді анықтап алған жөн. Егер жұмыс істейтіні расталса, әкелген шақыру қағазына назар аударыңыз. Осы жерде бір нәрсені айтқым келеді. Полиция қызметкерлері көбіне Қылмыстық-процестік кодекстің 208 және 205-баптарын шатастырады. Мәселен 208-бапта тергеуге шақырылу тәртібі көрсетіледі. Ал 205-бапта «күдіктінің келу міндеттілігі» айтылған. Байқасаңыз бұл жерде күдікті туралы айтылады. Егер сіз шақыру қағазында күдікті емес, куәгер болсаңыз онда бұл баптың сізге қатысы жоқ.

ПОЛИЦИЯ ШАҚЫРУ ҚАҒАЗЫН ҰСТАТА САЛА АЛЫП КЕТЕ АЛА МА?

Маржан Аспандиарова, құқық қорғаушы:

– Полиция шақыру қағазын ұстата сала адамды бірден алып кете алмайды. Мысалы егер адам бір рет шақыртқанда келмесе әрі оның себебі негізсіз, еш дәлелсіз болса, сонда ғана тергеу органдары арнайы мүмкіндіктерін пайдаланып, күштеп әкете алады. Бірақ оның да өз шарты бар. Өкінішке қарай, бізде бұл шарт сақталмайды. Таразда түрмеде отырған азаматтық белсенді Санавар Закировамен болған бір жайтты айтайын. Закированың қорғаушысы болғанда оны полицияның қалай алып кетпек болғанын көрдім. Бірде қоңырау шалып «машинамды екі жақтан қамап тұр, келіңіз» деп хабарласты. Айтқан жеріне бардым. Полиция шақыру қағаз берген екен. Құжатта тергеушінің тегі жазылған. Не болды екен деп ішкі істер департаментіне шығып, тергеушінің тегі арқылы сол кісіні таптық. Қызық содан кейін басталды. Хабарласып, неге шақырғанын сұрасақ ол «бұл қағазды кім берді?» деп бізге дүрсе қойды. Закирова «сіз шақыру қағазын жібердіңіз» деді. Ана кісі «шақырған жоқпын, құқық қорғау органынан кеткеніме біраз болды, бәлкім бұрынғы бланк шығар» деп аң-таң. Мұндай жағдай өте көп.

Ғалым Нұрпейісов, Алматы қалалық адвокаттар коллегиясының адвокаты:

– Қазақстанда шақыру қағазын беріп, күштеп әкету қазір көбейді. Бұл жаппай заң бұзушылық дер едім. Күштеп әкетудің де өз талабы бар. Полиция мұндай қадамға адам қылмыс жасаса және оны ұстау үшін күш қолдану қажет болса ғана бара алады. Оның өзі жедел қызмет, құқық қорғау органдары және қоғамдық тәртіпті сақтау туралы заң аясында жүргізіледі. Бұл жерде күдікті үшінші бір тұлғаға зиян келтіруі мүмкін немесе бұл кісінің үйінде қару бар деген ақпарат болса, оны күштеп әкелу туралы шешім қабылданады. Арнайы жасақ шақыртылады. Егер адам қарсылық танытпаса, оған күш қолдануға болмайды. Алайда бізде ондай жайт көп. Мұны уәкілеттігін асыра пайдалану дер едім.

Евгений Жовтис, Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының директоры:

– Қай кезде күштеп әкетеді? Бірінші шақыруға келмеген азаматты күштеп әкету туралы шешім қабылданады. Бірақ оның өзінде алдыңғы шақыру қағазын алып тұрып, келмей қойса ғана. Егер адам бұған дейінгі шақыруды алмаса, оны күштеп әкетуге әрекеттену заңсыздық. Күдікті болғанның өзінде де бәрі рәсімделіп, заң аясында жүргізілу керек. Шақыру қағазын адамның тұрғылықты мекенжайына жіберіп, ескерттік деу де дұрыс емес. Оны жіберудің өз шарты бар. Шақыру қағазы қолхат немесе байланыс құралы арқылы ғана беріледі. Егер тұлға үйінде болмаса, оны пошталық жәшікке лақтыра салуға болмайды. Үйде өзі болмаса, отбасыдағы кәмелетке толған адамға қол қойғызып, беру керек. Шақыру қағазында түбіртек бар. Оны табыстағанда түбіртек жұлынады. Бұл – шақыру азаматтың өзіне немесе отбасыдағы кәмелетке толған тұлғаға берілді дегенді білдіреді. Яғни хабарлама жетті дегенді растайтын құжат.

ШАҚЫРУ ҚАҒАЗЫНА СҮЙЕНІП, АЛЫП КЕТЕМІЗ ДЕСЕ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Ғалым Нұрпейісов, Алматы қалалық адвокаттар коллегиясының адвокаты:

– Шақыру қағаз бар, «сізді алып кетемін» десе, қарсыласпаңыз. Кейін бұл әрекетіңіз өзіңізге кесірін тигізуі мүмкін. Мұндай жағдайда айтарым, 102 нөміріне хабарласып, патрульдік полицияны шақыртыңыз. Сізді күштеп әкетпек болған тұлғалардың заңсыз әрекетін көрсін, тіркесін. Кейін сізде лауазымын асыра пайдаланып, күш көрсеткенді растайтын негіздеме болады.

Евгений Жовтис, Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының директоры:

– Әрине қарсылық таныту керек емес. Бірақ мұндай жағдайда адвокат немесе азаматтың өзі шақыру қағазына қарсы шағым түсіру керек. Яғни осы құжатты жазған қызметкердің үстінен лауазымын асыра пайдаланды деп арыздансын. Жоғары лауазымды тұлғаға, прокуратураға және тергеу сотына арыздануға болады. Шақыру қағазын заңсыз толтыру – ауыр құқық бұзушылық. Бұл жерде адамды күштеп шақыртып отыр. Меніңше, мұндай әрекетке бейжай қарауға болмайды. Кейде адамды алып кетеді, полиция бөлімінде жауап алады, кейін бірнеше сағаттан соң жібереді. Әлгі адам жібергеніне қуанып, еш әрекет етпейді. Бірақ осы әрекеттің өзінде бірнеше құқық бұзушылық болды. Күштеп әкеткен болса, оның өзі заңға сай жүргізілуі керек. Полиция ешкімді күштеп әкете алмайды. Бұл жерде күш құрылымдары қылмыстық-процестік кодекс талаптарын сақтамай, негізсіз әрекет еткен болады.

Ғабдұл-Ғани Әбутәліп, заңгер:

– Құқығыңыз тапталғаны анық болса, шағымдану керек. Жоғары сотқа, Бас прокуратураға дейін барыңыз. Бұл – сіздің азаматтық құқығыңыз. Қазір әлеуметтік желі – үлкен күш. Сөз бостандығы, ой еркіндігі деген бар. Әлеуметтік желіге шығып, тап болған жағдайды ашық айтудың еш ағаттығы жоқ деп есептеймін. Қажет болса, полиция қызметкерінің атын атап тұрып, жариялаңыз. Бірақ бұл жерде абай болған жөн. Эмоцияға берілмей, біреудің ар-намысын таптамай, нақты оқиғаны шынайы баяндаңыз.

ПОЛИЦИЯ ШАҚЫРУ ҚАҒАЗЫМЕН АЛЫП КЕТСЕ, ЖҰМЫС ОРНЫН ЕСКЕРТУІ КЕРЕК ПЕ?

Маржан Аспандиарова, құқық қорғаушы:

– Полиция қызметкерлері жұмыс орнын алдын ала ескертпейді. Бірақ адам қандай болмасын тергеу амалдарына байланысты шақырылса, полициядан осы күнге анықтама жазып бер деп талап ете алады. Мысалы «осындай іске байланысты бәленбай сағаттан бәленбай сағатқа дейін, осы күні, осы жерде болды» деген құжат сұрап алуға болады. Ертең жұмыс беруші «қайда болдың?» деп талап етсе көрсетесіз. Өйткені Еңбек кодексінде бірнеше сағат негізсіз жұмыста болмаған адамға шара қолдану туралы бап бар. Сондықтан мәселе туындамас үшін анықтама алғаныңыз жөн.

ҚОЛЫНДА ШАҚЫРУ ҚАҒАЗЫ БАР ПОЛИЦЕЙ ҮЙГЕ БАСА-КӨКТЕП КІРЕ АЛА МА?

Евгений Жовтис, Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының директоры:

– Шақыру қағазы болса да, полицияның үйге баса көктеп кіруі заңсыз. Бұл тұрғын-үйге қол сұқпаушылық құқығын бұзу болмақ. Үйге тек екі жағдайда кіре алады. Біріншісі – рұқсат етілген тінту. Екіншісі – полиция белгілі бір адамның ізіне түсіп, бірақ тінтуге рұқсат алуға мүмкіндік жоқ болатын жағдай. Осындай кезде кіре алады. Десе де кейін бұл жайында прокуратураға хабарлайды. Тағы бір ескеретін жайт – психологиялық мәселе. Шақыру алған адам абыржымасын. Қорқып, эмоциялық тұрғыдан әлсіздік танытса, полицияға ыңғайлы жағдай тудырады. Қысым көрсетуі әбден мүмкін. Сондықтан шақыру қағазын алғанда сабыр сақтап, құжатта не жазылғанын қарап алыңыз. Кім ретінде шақырылғаны жазылмаса, сұраңыз. Бұл – сіздің құқыңыз.

Ғабдұл-Ғани Әбутәліп, заңгер:

– Полицияға үйге кіруге рұқсат беретін төрт жағдай бар. Біріншісі – полиция бір қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтың орын алғанын анықтап, сол құқық бұзушылықтың нақты сіз тұрған үйде болғаны дәлелденген, әрі үйде күдіктінің бар екенін анықталған жағдай. Оның өзі сот немесе прокуратураның ордерімен жүргізіледі. Екіншісі – оқыс оқиға болған жағдай. Мысалы, біреу балконнан құлап кетсе немесе үйде біреу қайтыс болса. Үшіншісі – жеке тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеті туғанда. Мәселен, эпидемия немесе апат жағдайында полиция үйе кіруге құқылы. Ал төртіншісі – азаматқа тиесілі жылжымайтын мүлікке қатысты қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық болған жағдай. Яғни үйге ұрының түсуі, алаяқтық жасалуы. Басқа жағдайда полицияның үйге кіріп, қандайда бір әрекет етуі заңсыздық.