МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫ АЯСЫНДА ЖЕКЕ КӘСІБІН АШТЫ

835
Шымкент қаласында мемлекеттік қолдаудың аясында «Sapphire ladies fitness centre» фитнес орталығы жұмысын бастады. Нәзікжандарға арналған орталықта барлық жағдай жасалған.
Осыдан төрт ай бұрын ашылған клубтың жұмысы алға жылжып келеді. Орталықтың клубтық картасына спорт залы, хаммам, бассейн және 30-дан астам топтық қызмет түрлері кіреді.
Жеке кәсіпкер Меруерт Ториева «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, 2020 жылы «Forte Bank» АҚ-тан спорттық-сауықтыру орталығының қызметін ұйымдастыру үшін жылдық 6%-бен жеңілдетілген қаражат алды. «Даму» Қоры кепілдің жетіспейтін бөлігіне қолдау көрсетті.
Тәжірибелі мамандар топтасқан орталық аз уақыттың ішінде танылып, қала тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуде. Мұнда әйелдер үшін арнайы сабақтар бар. Спортпен шұғылданумен қатар, жеке тұлғалық қасиеттерін де дамыта алады.
– Біздің залға қызығушылық артып келеді. Мұнда қыз-келіншектермен қатар, егде жастағы әйелдер де жаттығады. Бәрі де саламатты өмір салтын ұстауды мақсат еткен, – дейді орталықтың негізін қалаушы Меруерт Ториева.
Шымкент – саламатты өмір салтына бет түзеген қала. Шаһарда жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударылуда.