Шымкентте сасық иістен тұншыққан тұрғындар үкіметтен көмек сұрады

942

Иістен уланған тұрғындардың кейібірінің денесін жара басқан, аллергиямен ауыратындар көбейген.

18 маусым күні Шымкенттегі Ынтымақ-2 ықшамауданының жиырмадан астам тұрғыны қаладағы кәріз жүйесінің шайынды суын сайға әкеп төгетін құбырды жабуды талап етіп, наразылық білдірді. Олар әкімдіктің бос уәдесінен шаршағанын айтып, үкіметтен мәселені шешуге араласуын сұрады, деп жазады Азаттық.

Тұрғындардың айтуынша, ықшамаудандағы сай ішіне қаладағы кәріз жүйесінен шыққан қалдық су төгіледі. Одан шыққан сасық иіс 3-4 шақырым жерге дейін тарап, қолқаны қабады. Төгілген судың жағасына шыбын-шіркей үймелейді. Иістен уланған тұрғындардың кейібірінің денесін жара басқан, аллергиямен ауыратындар көбейген. Тұрғындар не шайынды су төгетін жерді жабуды, не тұрғындарды көшіріп, басқа жерден үй беруді талап етті.

— Қаланың ішінде тұрамыз. Құбырдан ашықтан ашық тазаламай, залалсыздандырмай дәреттерді ағызып жатыр. Дәретхананың ішінде өмір сүріп отырмыз. Иістен тұншығамыз. Терезені ашу мүмкін емес. Қайда барсақ, рұқсат етілген дейді, — деді тұрғын Таңшолпан Өсербаева.
11 жылдан бері ықшамауданда тұратын Пәкиза Піржанованың айтуынша, лас судан шыққан шыбын-шіркей үйге кіріп, ас-суға қонып, адамдардың өміріне қауіп төндіріп жатыр. Бұл мәселені шешуге үкімет араласпаса, тұрғындар жергілікті биліктің бос уәдесінен шаршаған.

Наразы тұрғындардың алдына келген Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов тұрғындар шағымымен таныс. Кәріз жүйесіндегі шайынды суды тазалайтын арнайы қондырғы орнатуға су ресурстары мекемесі уақыт сұраған. Әкімдік жеке кәсіпкердің жұмысын күтіп отыр.

— Шайынды судың қондырғысы орнатылғанда бұл жерде тұрғындар болмаған. Тұрғын үйлер мен төгілген шайынды судың арақашықтығы 1-1,5 шақырым болуы керек. Қазір 300 метрге дейін үй салынып кетті, — дейді аудан әкімі.

Наразы топты алдына эпидемиологтар мен экологтар да келді. Ашуға булыққан тұрғындар мамандар мен әкімдік өкілдерін бірге жинап, қаланың кәріз жүйесінен шыққан шайынды су төгетін сайға жаяу алып барды. Ағып жатқан шайынды суды көрген соң мамандар арнайы сараптама тағайындалатынын жеткізді.

Ынтымақ-2 ықшам ауданында 1200-ден аса үй бар. Онда 6 мыңнан аса адам өмір сүреді.