Елбасы жүктеген тапсырма: 15 монополист тарифті төмендетеді

3872
Жыл соңына дейін тағы 15 монополист жылу, су, электр энергиясы және газға тарифтерді төмендетеді. Бұл туралы бүгін тарифтерді арзандату мәселесі қаралған дөңгелек үстел отырысында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі күні жылумен, сумен жабдықтау, электр энергиясын тарату және жабдықтау саласындағы 40 монополист тарифтерді 28,8 млрд теңгеге төмендету туралы шешім қабылдады. Осы аптаның соңына дейін жылумен, сумен жабдықтау, электр энергиясын тарату және газ жеткізу саласындағы кемінде 15 монополист тарифтерді 2,7 млрд теңгеге төмендетеді деп күтіледі», — деді вице-министр шара барысында. Оның айтуынша,  монополистердің  негізсіз алған кірістерін анықтау және оларды тұтынушыларға қайтару мақсатында жоспардан тыс 53 тексеру жүргізілуде. Мұнан бөлек, жоспардан тыс тағы 11 тексеру ашылатын болады. «Сонымен қатар Энергетика министрлігімен бірге электр энергиясы мен газдың көтерме бағасын төмендету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.  Бұл жұмыстар бүгін-ертең аяқталатын болады. Оның қорытындысына орай Қазақстанның барлық 17 өңіріндегі әрбір субъекті бойынша тарифтердің төмендегендігі туралы жан-жақты жариялайтын боламыз», — деді Серік Жұманғарин. Оның айтуынша, еліміздің 8 өңірінде бүгіннің өзінде тарифтер төмендетілмек. Атап айтқанда, Жамбыл облысында ПИК тарифі — 20, қоқыс шығару — 5, лифт қызметтері — 7,1 пайызға, Алматы облысында ПИК тарифі — 6, қоқыс шығару — 10 және лифт қызметтері 5 пайызға арзандамақ. «Батыс Қазақстан облысында қоқыс шығару 10 пайызға төмендейді. Ал Қарағанды облысында ПИК тарифі — 3, лифт қызметі 5 пайызға арзандайды. Сонымен қатар Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында ПИК тарифі — 5, лифт қызметтері 5 пайызға төмендейтіні күтіледі», — деді ол.