Келесі жылдан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) шоттан шекті мөлшерден артық ақшаны алу қиындай түспек. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров «Зейнетақы қорының жетімділік шегін лезде өсіріп жіберуі логикаға, ақыл парасатқа сәйкес келмейді», — деген пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Оның айтуынша, бүгінгі нарық заманында мұндай мәселені қоғаммен келісе отырып, түсіндіру жұмыстарын кешенді жүргізіп, байыппен жасау керек.
Бұл мәселе салмақты түрде, қоғаммен адам мүддесі тұрғысынан әлі пысықталады деп ойлаймын» — деді ол.
Сонымен қатар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Уайс Ерсайынұлы да бұл тұжырым мемлекетіміздің әлеуметтік саясатына сәйкес келмейтінін айтты.
Оның айтуынша, зейнетақы қорының төменгі шегін күрт өсіру қате бағыт. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрімен кездесуде осы жүйені қайта қарап, азаматтардың жинақ қорынан қаржысын алудың басқа форматын ұсынғаныммен, бұл мәселеде ортақ пікірге келе алмадық.
«Менің бұл жүйе бойынша пікірім, зейнетақы жүйесінен қаражат алу 51/49 принципіне негізделуі тиіс. Дәлірек айтсақ, әр азамат табысына қарамай, өз зейнетақы қорының 51% не қол жеткізе алуға тиіс. Яғни, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы жүйесінде 1 миллион теңге жинағы бар тұлға 510 мың теңгесін, 10 миллион теңгесі бар тұлға 5 миллион 100 мың теңгесін ала алар еді. Сонда ғана қоғамның барлық тобы белгілі бір пайызда өз жинағына қол жеткізіп, әлеуметтік әділдік болар еді. Ал мына жағдайда, табысы төмен азаматтардың өте үлкен бөлігі жасырын дискриминацияға ұшырап, жинағына қол жеткізе алмайын отыр. Бұл тұжырым мемлекетіміздің әлеуметтік саясатына сәйкес келмейді.
Қайта қаралу қажет. Әлеуметтік әділдіктің орнауы қиын нәрсе алайда, ол мүмкін нәрсе», — дейді Уайс Ерсайынұлы.