Атырау облысының әкімдігі Бақытгүл Хаменованың қылмыстық ісінде көрініс тапқан Абай Құнанбаев ескерткішіне қатысты сұраққа жауап берді. Бұл туралы azh.kz басылымы хабарлады.

Басылым таратқан ақпаратқа сүйенсек, ескерткішті орнату бастамасы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі облыстық комиссиядан келіп түскен, кейін бұл ұсыныс 2018 жылы 14 мамырда Мәдениет және спорт министрлігіне жолданған.

«2018 жылдың 17 шілдесінде оны министрлік жанындағы монументалды өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссия мақұлдайды. 2019 жылдың 22 сәуірінде ашық конкурс жарияланып, сол жылдың 20 қарашасында комиссия мүсінші Асқар Нартовтың жобасын таңдап, екі жылдан кейін қалалық мәдениет бөлімі «Балқыту» ЖШС-мен 145 млн теңгеге шарт жасасқан. Биыл 72 млн 499 мың теңге бөлініп, ол қаражат толық игерілген. Қалғаны 2022 жылдың бюджетінен бөлінеді» делінген әкімдік таратқан хабарламада.

Көркем қоладан жасалған ескерткіштің биіктігі – 11 метр (оның тұғыры– 5,75 метр), салмағы – 5 тонна.

Айта кетейік, Бақытгүл Хаменова ұсталғаннан кейін ескерткіштің салтанатты ашылуы 27 желтоқсанға ауыстырылған болатын.

Еске сала кетейік, Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген болатын.