Смирнованың пікірінше, банк алдында қарызы бар азаматтардың мүмкіндігін шектегенше, қаржы институттарына қойылатын талапты күшейткен дұрыс
Мәжіліс депутаттары кредит бойынша берешегі бар азаматтардың шетелге шығуына салынған тыйымды алып тастауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат Ирина Смирнованың сөзінше, соңғы он жылда банк секторына көрсетілетін көмек жүйелі сипатқа ие болды.
«Үнемі көмектескеннен банктер тәуекелдерге сапалы талдау жасаудан қалды. Пайданы ойлаған банктер кредитті кім төлеп, ал кім өтей алмайтынын ажырата алмайтын болды. Сондықтан қадағалау әдістерін қайта қарастырып, банктердің тәуекелдерге талдау жасау мотивациясын төмендететін элементтерді жою қажет», — деді ол ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевқа жолдаған депутаттық сауалында.
Оның айтуынша, мұндай демотиваторға кредит бойынша берешегі бар азаматтарға шетелге шығуға салынған тыйымды жатқызуға болады.
«Банктер кіретін жекеменшік ұйымдар қарыз алушыны таңдау кезінде өздері жіберген қателігі үшін азаматтардың құқығын шектемеуі тиіс. Керісінше, несиені төлеуге қабілетсіз адамдарға кредит беретін банктер үшін талаптарды қатаңдату қажет», — деп санайды депутат.
Смирнова ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге жағдай жасау арқылы қосымша әлеуметтік тәуекелдерге себеп болатынын, бұл ел экономикасына кері әсерін тигізетінін атап өтті.
Депутаттар кредит бойынша берешегі бар азаматтардың шетелге шығуына салынған тыйымды алып тастауды, сонымен қатар, қарызын өтеуге шамасы келмейтін халыққа кредит беретін банктер үшін талаптарды күшейтуге қатысты ұсыныстар енгізуді ұсынды.