ӘЙ, ИТ-АЙ!

1914
Сабырбек ОЛЖАБАЙ
Салқынбектің аздап тастаңқырайтыны болмаса ешкімге зияны жоқ, есесіне жоқтан бар, бардан нар жасайтын қиялы көп өзі былай жібі түзу жігіт. Қолынан келмейтіні жоқ. «Ол ма ол, адамнан басқаның барлығын да жасайды» деп сүйсінеді біздің ауылдың шөпжелкелері. Менің де қатыным солардың жағында. Осысына қарап Салқынбекті көшелі кісілердің қатарына қосқымыз-ақ келеді. Бірақ…
Жаңа жылдың қарсаңы еді. Ыржалақтап кіші ұлым келіп тұр. Өзі жерден жеті қоян тапқандай мәз, екі езуі екі құлағында.
—Әй, күшік! Неменеңе жетісіп күлесің?-дедім ызаға булығып.
—Көке! Салқынбек ағам келді!-деді балам шешесі шекесі торсықтай ұл тапқандай қуанып.
Бұл «қаралы хабарға» қуанарымды да, қуанбасымды да білмедім. Қуанайын десем, Салқынбектің сырын жақсы білемін. Қуанбайын десем, көптен көрмеген ит құрдас қой өзі. Кейде адам жоқтан өзгені сағынады.
Осыдан біраз уақыт бұрын «құдайы қонақпын» деп келіп төрімде төредей болып жатып алып алты бөтелке арағымды ішіп кеткен. Алты шиша арақ атамның құны емес қой, ішкен-жегені бойына құт болғыр құрдасым ауызы көпіріп, өзі өгіздей өкіріп, ана бұрыштан мына бұрышқа ор қояндай секіріп үйіміздің астан-кестенін шығарып кеткені есімнен қалай шықсын! Негізі біз мұндай тегін концерттің талайын көрген жаны сірі бейбақпыз ғой. Дегенмен бұл келісі тегін келіс емес. Соны біліп «әй, елболайығыма» айқай салдым.
—Дүкенге шап! Ақыры ит әуре болып барған соң сараңдығын ұстап сазарып қалмай, бір жәшік арақ ала кел!- дедім құрдасымның тартып алса сахараның шөлінен келгендей сусап, алдына келген арақты талғамай жұта беретін жалмауыз жұтқыншағы есіме түсіп.
—Соншама арақты қайтпексің? Баяғыда өліп, сүйегіне қына бітіп кеткен әкеңе той бергелі жатырсың ба?- деп әйелім шаптықты.
Оның осылай менің жеті атамды түгелдемесе бойына ас батпайтын ежелгі әдеті.
—Әй, үйге кімнің келгенін білмей отырсың ба? Баяғыда біреу «Абылайдың асында шаппағанда әкеңнің басында шабасың ба?» депті ғой. Сол айтпақшы, Салқынбек келгенде ішпеген арақты қайда ішеміз?-деп шалқайдым.
—Өле қал! Өңшең маскүнем!- деп қатыным қарғап-сілеп дүкеніне кетті.
Мен құрдасымды құдам келгендей құрметтеп төріме оздырып алдым. Төрт қабаттап көрпе төсеп, қос-қос жастық тастадым.
—Қанша дегенмен досыңды сағынады екенсің. Өзіңді сағынып келдім. Құрдас деген иттердің шығарға жаны бір ғой,— деді Салқынбек.
Өзім де бір күйреуік немемін, көзіме көлкілдеп жас, алқымыма алқынып өксік тірелді.
—Бір үйің емеспіз бе? Сағындырмай келіп тұрсаңшы,—дедім дауысыма діріл араласып.
Сайтан ғой бұл Салқынбек, менің осал тұсымды дөп басқанын қарашы.
—Біздің үйдегіні білесің, мыстан ғой, мыстан! Үйдегі бар жылтырақты төркініне тасиды. Жаңа жылдың алдында өзіңді үйге шақырып, жақсылап бір сыйлап жіберейін десем, ана мәздем мұздай ғой, мұздай. Одан тас жұмсақ. Теңгені қайда тыққанын итім білсің бе, үйді әрі тінтіп, бері тінтіп соқыр тиын да таппадым. Тапсам, саған бір жартылық ала келмек едім. Содан «қой, мені бір құтқарса құрдасым құтқарар» деп өзіңе келдім,— деп бір қойды Салқынбегім.
—Кеше былай біраз жерге барғансың-ау,—деп сұрадым одан.
—Е, бұл сайтанның мойнымнан түспей жүргеніне көп болды емес пе? Бұлқынамын келіп, жұлқынамын келіп, иығыма шегеленіп қалған ба әлде мені басыбайлы егеленіп алған ба, айырылмайды-ау, айырылмайды, -деп Салқынбек есік жаққа базарға кеткен шешесін күтіп отырған баладай жаутаңдап қарап қойды.
Артынша жұтынды. Осы біздің қатын да оңбайды. «От сұрай келген әйелдің отыз ауыз сөзі бар» деген тап рас енді. Дүкенші әйелмен бе, көшеде кездейсоқ кездескен көк аттымен бе, ауызы ауызына жұқпай сүйреңдеп өсекті өрттей өршітіп тұрған шығар ол. Қап, осыдан үйге бір келерсің-ау.
Зарықтырып, торықтырып барып елболайыным елпеңдеп жетті-ау ақыры. Рюмкені ала салып арақ құйдым.
—Әй, мынауың торғайдың тобығындай ғана ғой. Былай шөл қанатындай герзівый стаканға шөпілдете құймайсың ба? Немене мынаны көзіме тамызғалы жатырсың ба?- деп Салқынбегім сұрланды.
Досты ренжітуге болмайды, күнде келіп, текеметімізді тіліп кетіп жатқан жоқ, қырлы стаканға қылқындыра арақ құйдым. Құрдасым амандық-саулықсыз, «алып қоялық» деместен қырлы стаканды басына бірақ көтерді. Екі жүз грамм арақ апаңға сар етіп төгіліп қоштаспастан құрдымға сіңіп жоқ болды. Сорлы арақ жылап кетті-ау, шамасы, құрдасым жалын ата күрсінгенде ауызынан от шықты.
Бұдан кейінгісі бесенеден белгілі, арақты өшіміз кеткен адамдай іше беріппіз, іше беріппіз. Ауызға арақ тиген соң ақыл алжасып қалады екен. Арғы жағы тұман. Кірпігімді кранмен көтеріп зорға ашсам, көршіміздің қорасында құдалыққа келгендей шәниіп жатырмыз. Басыма біреу кірдің тасын байлап қойғандай, көтертпейді. Ми солқ-солқ етеді.
Бір кезде маңай у-шу болды да кетті. Біреулер зіркілдейді. Әйелім, бала-шағам сұқ саусақтарын безеп мені қарғап-сілеп жатыр. Көршінің кемпірі күшіне мініп алыпты. Өзің сау күнімде де жақтырмаушы едім, ішіп алғанда тиіскені тіптен өңмеңімнен өтіп кетті. Осы кемпірді былайғылар «мыстан» деуші еді. Десе дегендей-ақ екен. Бүгінгісі тіптен қиямет.
—Міне, қанішерлер! Осылар өлтірді!—дейді мыстан кемпір екеуімізге тап-тап беріп.
Япырмай, кімді өлтіріп қойғанбыз? Масқара! Енді жетпегені осы еді. Бұл ит арақ не істетпейді адамға ?! Қайдан ғана келе қалып едің қу құрдас?
Бас сырқырап ауырып, бір сұмдық шөл қысып барады. Тілім ауызыма сияр емес. Екі қолтығымнан сүйрелеген екі полицей менің бұл ақырзаман халімді не қылсын, зырылдатып сүйрегеннен сүйреп отырып жылжымалы полиция бекетіне тықты да жіберді. Жан-жағыма алақтап қарасам, Салқынбегім кеңірдегі сыр-сыр етіп орындықта ұйқыны сойып жатыр. «Көппен көрген ұлы той».
Бізге ешкім араша түскен жоқ.Қанішірлерге кім араша түсуші еді. Сонда да болса Алыпсоқта ақыл бар екен. «Оларды қайда алып бара жатырсыңдар?» дегендей машинаның артынан шәуілдеп үріп жүгірді. Адамдардан көрмеген жанашырлықты итімнен көріп, көңілім кәдімгідей бұзылып, көзімнен жас шығып кетті.
Бөлімшеге барған соң Салқынбегім селк етіп оянды.
—Мен оны буындырып өлтірдім,-деді ол өң мен түстің ортасында қалбалақтап тұрып.
—Кімді?,-деп сұрадым қорыққанымнан қалш-қалш етіп тұрып.
—Сайтанды!
—Уф!- деп отыра кетіппін.
Бақұл бол, Маруся апай!
Бұл дүниеде арақты сылқия тойып ішіп, ақыл-есіңнен таңып, ертеңіне не істеп, не қойғаныңды сұраудан артық сұмдық та, қорлық та жоқ. Сөйтсек, біз арақты азсынып, сыраны сорпадай сапырып іше беріппіз, іше беріппіз. Бір кезде не бөлісе алмағанымызды сайтан біліп пе, екеуіміз ерегісіп үй ішінде білек сыбанып жекпе-жекке шығыппыз. Үй іші қораға қасқыр тигендей дүрлігіпті. Бала-шағаның ұйып тұрған ұйқысына у құйып өлтіріп, берекесін алыппыз. Содан қай уақыт, қандай зәрулік қыштағанын итім білсің бе,екеуіміз құшақтасып далаға шықсақ керек. Сосын қай сайтан айдағанын кім біледі, онсыз да айналасына от шашып ойнап жүретін көрші Маруся апайдың қорасына кіріп кетіппіз. Осы кезде Маруся апайдың ешкісі қасқыр бас салғалы жатқандай баж ете қалмай ма? Салқынбектің сары сайтанмен соғысы осылай басталады.
Енді,міне, он тәулікке қамалып, тас қапаста отырмыз. Ал, ертең Жаңа жыл!
Әй, ит-ай!..