Шымкентте прокурор тізгіндеген қымбат көлік айыптұраққа қойылды

860

Шымкентте прокурор тізгіндеді делінген Land Cruiser 300 маркалы қымбат көлік айыптұраққа қойылды.

Ашық дереккөздегі мәліметке сенсек, темір тұлпардың құны — 53 миллион теңге, деп хабарлайды Экспресс К.

Әлеуметтік желіде көлік тізгіндеп жүрген шымкенттік прокурор Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасы орынбасарының ұлы Аман Қожабаев екені туралы ақпарат тараған болатын. Аталған ақпаратқа қатысты Полиция департаментіндегілер пікір білдірді. Ведомстваның дерегінше, желіде жарияланған ақпаратқа қатысты полицейлер шұғыл әрекет еткен.

«Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері жарияланымда көрсетілген автокөлік жүргізушісіне қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 4-бөлігімен (Көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiсi бар көлiк құралын басқару, сол сияқты мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiсiн сәйкестендіруге кедергі келтіретін не олардың түрін өзгертетін, жасыратын құрылғылар мен материалдар қолданыла отырып жабдықталған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiсi бар көлiк құралын басқару) хаттама толтырды. Автокөлік айыппұл тұрағына жеткізілді»,-деді Полиция департаментіндегілер.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бөлігі, 4-тармағында мұндай құқықбұзушылық жасаған жүргізушіге 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе бір жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.