Қарағандыда жүздеген адам биліктен кісі өліміне кінәліні табуды талап етті

1088
Бүгін Қарағанды қаласында жүздеген адам көшеге шығып, жаңа жыл түнінде мейрамханадағы жаппай төбелес кезінде мерт болған жігіттің қазасы бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу барысы жайлы билік орындарының түсініктеме беруін талап етті.
Қоғам өкілдерінен бірнеше адам, қаза болған жігіттің туыстары қалалық ішкі істер басқармасында басшыларымен кездескен. Бұдан соң жұрт облыстық білім басқармасы ғимаратының алдына жиналған.
Facebook әлеуметтік желіcін қолданушы Гүлден Жандильдинованың оқиға орнынан жүргізген тікелей трансляциясындағы видеода жиналғандар арасынан кейбіреулердің «қылмыс жасағандар құтылып кетпесін» деген сөздері естіледі.
Алаңға жиналған халықтың алдына шыққан облыс әкімі Ерлан Қошанов қылмыстық оқиғаны құқық органдары тексеріп жатқанын хабарлайды.

Опубликовано Гулден Жандильдиновой Суббота, 5 января 2019 г.

— Біреулер «бұлар ақша беріп құтылып» кетеді деп айтып жүр. Ешкім де құтылмайды! Мынадай қоғамдық бақылау тұр, ең жоғарғы органдар бақылап отыр. Бұл тергеу аяғына дейін әділ жетеді, қылмыскерлер өз жазасын алады. Мен сіздерге облыс әкімі, елбасының осы жердегі өкілі ретінде уәде беремін. Қашып жүрген қылмысқа негізгі күдікті екі-үш күннің ішінде ұсталады, — дейді ол.
Видеода облыс әкімінің жиналғандарды «әліптің артын бағып, тыныш тарауға» шақырған дауысы естіледі. Бірақ адамдар тарамайды. Бұдан соң жұрт алдына қаза болған жігіттің әкесі шығып, «отбасының қайғысын бөлісіп, қолдау танытқаны» үшін елге алғысын айтқаны көрсетілген.
Жиында сөз алғандардың бірі қылмыстық оқиғаға күдіктілерді ұлтқа бөліп қарамауға шақырғанымен жиналғандар айғайлап, оның сөзін бөліп, сөйлетпеген. Гүлден Жандильдинованың Азаттыққа айтуынша, көп ұзамай жиналған жұрт ақырындап тарап кеткен.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Қарағандыда бір топ жас жігіттің арасында төбелес болғаны туралы ақпарат тарап, оған БАҚ-тың назары ауған. Әлеуметтік желілерде төбелестің ұлтаралық астары бар кикілжің екені де айтыла бастаған. Қарағанды облысының әкімдігі мен прокуратурасы төбелеске қатысты ресми түсінік беріп, қоғамды арандатуға ұрынып қалмауға шақырған. Биліктің мәліметінше, төбелес ұлтаралық сипатта болмаған және оған «қазақтар мен басқа бірнеше ұлттың өкілдері қатысқан». Облыстық әкімдік пен прокуратура тергеу барысы жайлы ақпарат БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланып тұрады деп хабарлаған.
1 қаңтарға қараған түні Қарағандыдағы «Древний Рим» мейрамханасында клиенттер арасында кикілжің шығып, соңы төбелеске ұласқан. Төбелес кезінде пышақталған бір адам жан тапсырған. Денесіне пышақ тиіп жараланған екі жігіт ауруханадан шықты деп хабарлады 3 қаңтарда облыстық денсаулық сақтау департаменті.
Көкірек қуысына пышақ кірген үшінші адам қазір ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын «тұрақты» деп бағалап отыр.
Полиция «кісі өлімі» және бұзақылық» баптарымен қылмыстық іс қозғаған. Қылмысқа күдікті үш адам ұсталып, біреуіне іздеу жарияланған.

Дереккөз:Азаттық радиосы