Қазақстанда ел экономикасын монополиясыздандыру жөніндегі комиссия өз жұмысын бастады. Бұл туралы үкіметтің ресми Telegram арнасы хабарлады.
Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында құрылған. Комиссия құрамына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қаржы мониторингі, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерінің бірінші басшылары, үкімет мүшелері, Бас прокуратураның және «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері кірді. «Комиссияның міндеті – монополиясыздандыру бойынша ұсынымдар әзірлеу. Атап айтқанда, комиссия жұмысы шеңберінде телекоммуникация, теміржол инфрақұрылымы, медиа активтер және басқа салалардағы негізсіз жекешелендірілген нысандарды мемлекет меншігіне беру мәселелері қаралатын болады», — делінген хабарламада. Бүгін комиссияның алғашқы отырысы өтті, онда қаржы министрі Ерулан Жамаубаев, Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев және тағы басқалары баяндама жасады. Алғашқы отырыстың қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов Қаржы министрлігіне уәкілетті мемлекеттік органдармен және «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп, бір апта ішінде Үкіметке негізсіз жекешелендірілген нысандарды мемлекет меншігіне беру тетіктері бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.