Қазақстанда үй-жайларда маска тағу талабы алып тасталды

907

24 наурыз күні премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтіп, онда бірқатар маңызды шешім қабылданды, деп хабарлайды үкіметтің ресми Telegram каналы.

Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуын ескере отырып, ведомствоаралық комиссия үй-жайларда масканы міндетті түрде тағу талабын алып тастау шешімін қабылдады. Ал медициналық мекемелерде (персонал, қызметкерлер, пациенттер, келушілер) медициналық маскаларды әлі де тағып жүру қажет. Адам көп жиналатын орындарда, қоғамдық көлікте, ұйымдасқан ұжымдарда тұрғындарға маска тағып жүру ұсынылады, алайда бұл міндетті талап емес. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында оқытудың кабинеттік жүйесіне рұқсат беріледі. Одан бөлек ВАК шешіміне сәйкес, Pfizer препаратымен вакциналауға жататын тұлғалар контингенті кеңейтіледі, ол мынадай санаттармен толықтырылады: бастапқы вакциналаудан өтетін, профилактикалық вакцина алғысы келетін адамдар; түрлі себептермен шетелге шығу үшін қайталама екпе алушылар; шетелде алған вакцина курсын аяқтау үшін екпе алушы тұлғалар; COVID-19 вирусына қарсы ревакцинация алушы барлық топтағы адамдар. Отырыс соңында Ералы Тоғжанов әкімдіктерге коронавирус инфекциясына қарсы егу науқанын ерекше бақылауға алуды тапсырды. Еске салсақ, бұған дейін елімізде бір тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны 12-ге дейін азайғанын жазған едік.