Еліміздегі 17 әкімнің қанша орынбасары бар?

732

Президент Қазақстанда әкімдердің орынбасарлары үшеу, ары кетсе төртеу болуы керек деген тапсырма жүктеген еді

Республикалық маңызы бар қалалар мен облыс әкімдері кемі 4 орынбасар «ұстап» отырғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Нұр-Cұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдерінің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, айналдырған 17 әкімнің 80 орынбасары бар болып шықты.

Орынбасары көп әкімдер арасында Алтай Көлгінов көш бастап тұр. Әкімдік сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Көлгіновтің алты бірдей орынбасары бар.

Ал Шымкент қаласының әкімі, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Түркістан облыстары мен СҚО және ШҚО өңірлерінің әкімдері бес орынбасардан «ұстап» отыр.

Орынбасары ең «аз» әкімдердің қатарында Алматы әкімі Ерболат Досаев, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, БҚО әкімі Ғали Есқалиев, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова және Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов бар. Аты аталған әкімдердің төрт орынбасары бар.

Бір айта кетерлігі, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Бақытгүл Хаменованы әлі қимай жүргендей. Ресми сайтта Хаменова әлі де әкімнің орынбасары деп көрсетілген. Бірақ ескерткішке бөлінген қаражатты талан-таражға салды деген күдікпен тергеуге іліккен Хаменованың қызметі 2021 жылдың 10 желтоқсанынан бері тоқтаған еді. Сондықтан, Досмұхамбетовті қазір төрт орынбасары бар әкімдер қатарына жатқыздық.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда әкімдердің орынбасарлары үшеу, ары кетсе төртеу болуы керек деген тапсырма жүктеген еді. Көріп отырғанымыздай, Қазақстанда үш орынбасары бар әкім әзірге жоқ.