ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНЕ ӘКЕЛЕР ДЕ ҮЛЕС ҚОСУДА

787

«Анаға қарап тон пішер, Әкеге қарап оқ жонар» деп қазақ жас ұрпағын анасымен бірге әкесінің де тәрбиелеудегі рөлінің маңыздылығын айтқан. Кейде әкелер отбасынан көбірек сыртта болып бала тәрбиесіне көп көңіл бөле алмай да жатады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мегаполисте Әкелер алқалары құрылып жұмыс жасап келеді.Алқаның мақсаты – жас ұрпақты ертұлғалы, шыныққан да шымыр, отаншыл етіп тәрбиелеуге, жастайынан әкелік парыздарын түсініп, біліп өсуіне ықпал ету болып табылады.

«SHANYRAQ» орталығында Халықаралық әкелер күніне орай өткен «Менің тату отбасым» атты іс-шара  барысында да осы мақсатқа сай жұмыстар жасалды. Аталған шараға Еңбекші аудандық сотының судьясы, Әкелер алқасының төрағасы Еркен Отарбаев, «Отбасы банк» АҚ менеджерлері, перзенттерін өзі тәрбиелеп отырған әкелер балаларымен, «Мерейлі отбасы» республикалық байқауына үміткер Ауданбаевтар отбасы қатысқан еді. Басқосуда тағдырдың түрлі сынағымен жалғыз қалып, балаларын да жалғыз өсіріп отырған әкелердің өзекті мәселелерін ортаға салып, келешекте бірлесе жұмыс істеу туралы уағдаласты.

«Әкелердің басын қосудағы міндетіміз бағыт-бағдар беру, түрлі мәселелерді бірлесе шешуге жұмылу» — деді «Әкелер мектебінің» төрағасы Еркен Отарбаев.

«Отбасы банк» АҚ менеджері әкелерге перзенттерінің болашағы үшін әр балаға арнап баспана дайындау қажеттігін сөз етті. Болашаққа жоспар құру мен қаражат жинаудың символы ретінде әкелер мен балаларға жинақ сандықшалар (копилка) сыйға тарту етілді. Кездесу соңында Ауданбаевтар отбасының өнерлі ұланы Батырхан Бауыржанұлы домбырамен ән салып, әкелердің көңілін көтерді.

Жалпы, «Shanyraq» орталығы балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған әкелермен тығыз жұмыс істеп, әкелерге құқықтық, психологиялық көмек беріп келеді. Олардың ұл-қыздарының толыққанды тәрбие алуына, қатарларынан кем қалмауына әсер етпек. Яғни, еліміздің болашағы ретінде тәрбиелі де білімдар ұрпақ өсіруге қосылып отырған кішкентай да болса үлес.