ЖАС КӘСІПКЕРДІҢ ІСІ АЛҒА БАСУДА

829

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауында халықтың үкіметке қол жайып, жәрдемақы сұрап отырғанынан жеке кәсібін ашып, ең болмаса өзін өзі қамтамасыз етерліктей табыс табуы оған да үкіметке де тиімді екенін айтып, жергілікті жерде мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыс істеймін, жеке кәсібімді ашамын дегендерді қолдауды тапсырған болатын.

Шымкент қаласының әкімдігі осы тапсырмаға орай елеулі жұмыс атқарып мыңдаған адамның, оның ішінде жастардың да жұмыспен қамтылуын, өз кәсібін ашуын қамтамасыз етуде.

Шымкенттік жас Есполов Азамат негізгі мамандығы электромеханиктікпен жұмыс істемеген. Ол мына заманда өз кәсібін ашып, жүрегі қалайтын іспен айналысуды мақсат еткендіктен мемлекеттің кәсіпкерлікті бастауға үйретіп, қолдау жасайтын «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша білім алған. Бизнес мектепті аяқтаған соң жаңа кәсіппен айналысуға шешім қабылдапты. Өз кәсібін бастамас бұрын көп ізденіп, мейлінше адамдарға пайда әкелетін іспен айналысуды ойлаған. Осылайша біраз уақыт ізденіп жүріп, масахана сату ісін қолға алған. «Алғашқы кезде 40 масаханаға тапсырыс бердім барлығы 1 апта ішінде сатылып кетті. Басында өзім де таң қалдым. Осыдан соң бұл бизнесте ақша бар екенін түсіндім. Бастысы бұл заттың адамдарға керек екені және пайдалы болғаны қуантты», дейді ол

Қазіргі таңда Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент қаласында сауда нүктелері бар. Басқа қалаларға қарағанда Шымкент пен Атырау қаласында сұраныс жоғары екен. Жас кәсіпкердің сөзінше қазіргі кезде масахана сатумен айналысатындар көбейген.

Сонымен қатар, масаханалар жалға да беріледі. Тауға немесе саябаққа баратын кезде 1 күнге жалға алу бағасы — 2 мың теңге. Жалпы масахананың сатылу бағасы 8-10 мың теңге арасында.

Мегаполисте жыл басынан бері жүздеген жас осылайша кәсіпкерліктің әліппесін үйреніп, қайтарымсыз қаржымен жеке кәсіптерін ашуда. Яғни қалада жастар саясатын жүзеге асыруға мән берілуде.