Еңбекшіде 633 көпқабатты тұрғын үй жылу жүйесіне қосылған

692

Еңбекші ауданының әкімі Есілбек Досбол Күздікбайұлы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша жеті айда атқарылған жұмыстарын және бірқатар мәселелерді баяндап берді, деп жазады қалалық «Шымкент келбеті» газетіне сілтеме жасаған «ardak.kz» ақпараттық агенттігі.

Қазіргі таңда ауданда абаттандыру, жол инфрақұрылымын дамыту, жұмыспен қамту, жылу маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сай атқарылуда.

– Аудан аумағында 633 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. 2022-2023 жылғы қысқы жылу маусымына көпқабатты тұрғын үйлерді сапалы және уақытылы дайындау мақсатында аудандық жұмыс штабы құрылды. Арнайы іс-шара жоспары бекітіліп, ауданда 10 сервистік мекеме қысқа дайындық жұмыстарын бастап кетті. Қазірдің өзінде аудан бойынша 346 (65 %) көпқабатты тұрғын үй сығымдаудан өтті. Тұрғындар көп қабатты үйлердің жертөлесіндегі жылу жүйелерін тазалап, қысымдау жұмыстарын қазірден бастап істеу керек. Ауданда энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан жылу жүйелерін жаңарту жұмыстары кестеге сәйкес атқарылуда.

– Қала әкімінің аудан тұрғындарымен есепті кездесулері оң нәтижесін беруде. Ол жұмысты жүйелеп, жоспардың орындалуы үшін қажет-ақ. Ауданда қоғамдық бақылау кеңесі құрылған. Онда әр сенбі сайын жоспардың орындалуы талқыланады. Бекітілген аумақта қандай жұмыстардың, қашан атқарылатыны туралы тұрғындарды ақпараттандырамыз.
Әрине, кездесулерде барлық салалар бойынша өтініштер, мәселелер айтылады. Жалпы өтініштердің басым бөлігі инфрақұрылым, абаттандыру, қоғамдық көлік, жарықтандыру мәселесіне қатысты. Әрбір кездесулердегі хаттамалық тапсырмалардың орындалуы басты назарда. Жоғарыда айтып өткендей, тұрғындардың мәселелері кезең-кезең бойынша шешімін табуда. Сонымен қатар, өзім де ауданда атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар туралы халықпен кездесу өткіземін.