ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЛАПТАРДЫ БҰЗҒАН 9 КӘСІПОРЫННЫҢ ҚЫЗМЕТІ ТОҚТАТЫЛДЫ

1114
Шымкент қаласы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Ермахан Қозыбаев 2022 жылдың 1-жартыжылдығында атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Ермахан Тастанбекұлы мемлекеттік-экологиялық бақылау, экологиялық реттеу бағытында, мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлардан хабардар етті.
Есепті кезеңде департамент тарапынан 31 тексеру жүргізіліп, 139 әкімшілік іс қозғалған. Жалпы 41 млн теңгеден астам айыппұл салынған.
– Қала прокуратурасымен бірлесе Шымкент қаласындағы бірқатар сауда базарларының экологиялық заңнама талаптарының сақталуына тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде 9 базарға қатысты 21 әкімшілік хаттама толтырылды. Жалпы көлемі 1,6 млн теңге айыппұл мемлекет пайдасына өндірілді. Рұқсатсыз жұмыс істеген немесе рұқсатында көрсетілмеген қосымша ластау көздері бар, экологиялық талаптарды бұзған жалпы 9 кәсіпорынның қызметі тоқтатылды. Сонымен қатар, қалада ғарыштық мониторинг арқылы бей-берекет қоқыс үйінділерінің 45 координаттық нүктелері анықталып, қоқыстар аудан әкімдіктері тарапынан толық тазаланды, – деді Ермахан Қозыбаев.
Қала әкімдігі тарапынан табиғатты қорғау іс-шараларына бөлінетін қаржы көлемі ұлғайып келеді. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының тапсырмасымен қалада автоматтандырылған ауа мониторингін бақылайтын 10 станса орнатылды.
Жалпы Шымкент қаласының экологиялық мәселелерін кешенді шешу мақсатында 2021 жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен қала әкімдігі арасында Жол картасы белгіленген. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында тиісті жұмыстар атқарылуда.
Ермахан Қозыбаев цифрландыру бағыты, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу, сұрыптау жұмыстарының барысына да тоқталып өтті.