Бизнес-жоспарыңды жүзеге асыруға асық

333
Осы қағиданы ұстанатын қала тұрғыны Азиз Бакибаевтың өз шеберханасы бар. Екінші топтағы мүгедектігі бар азамат денсаулығын алға тартатын жан емес. Азиздің қолынан келетін ісі – көлік жөндеу, ұрылған көліктерді түзеу, сырлаумен айналысу. Бастапқыда цех ашу үшін құрал-жабдықтардың керегі айтпаса да белгілі.
– «Атамекен» палатасында кәсіпкерліктің негіздерін оқып, серификатқа ие болдым. Бизнес-жоспарымды қорғау қиын болған жоқ. Өйткені, бұл менің сүйікті кәсібім болатын. Грант алып, көлікті жөндеуге қажетті құрал-жабдық сатып алдым. Қазір 3-4 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Енді, екінші шеберханамды ашу жоспарымда бар. Бұл ісім нәтижесін берсе, онда 3-4 азаматқа жаңа жұмыс орны ашылады, — дейді шебер Азиз.
«Бизнес бастау» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жобасының мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз халықты кәсіпкерлікпен айналысуға тарту арқылы экономикалық белсенділігін арттыру. Олай болса, аталған жоба үшінші мегаполисте өз тиімділігін көрсетіп, кәсібін дөңгелеткендер қатары артып келеді. Аталған жоба соңғы жылдары халықтың бизнеске деген қызығушылығын оятып, талай жанның кәсібін өрге өрлетті.
8 тамыздан бастап қайтарымсыз гранттар алуға өтінімдер қабылданады. Ендеше, кәсіп ашуға ниетті жандарға бизнес-жоспарыңды жүзеге асыруға асық дегіміз келеді.
Айта кетейік, биылғы жылдың шілде айының 25-інен бастап «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жаңа форматта ұйымдастырылған. Өз ісін бастауды жоспарлап отырған азаматтар Skills.enbek.kz платформасы арқылы онлайн режимде бизнес жүргізу үшін базалық білім мен дағдыларды ала алады.
Оқу курсына жазылу үшін Business.enbek.kz порталда тіркелуіңіз қажет. Портал оқыту шарттарына сәйкестігіңізді автоматты тексереді. Шарттарға сәйкес болған жағдайда қатысушы Skills.enbek.kz платформаға өтіп, оқуға кірісе алады.