КӨРКЕМ ГИМНАСТИКАДАН ҚАРАТАУ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ КУБОГІ ӨТКІЗІЛДІ

838

«Балалар жылы» аясында Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен аудан аумағындағы №9 көркем гимнастикадан олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде Қаратау ауданы әкімінің кубогі өткізілді, деп хабарлайды ardak.kz ақпараттық агенттігі Қаратау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әсемдік, әртістік, техника. Аудан әкімі кубогіне алғаш рет өткізіліп отырған турнирге 8-14 жас аралығындағы 100-ден астам жас спортшылар қатысты. Негізгі идея — осы тамаша спорттың барлық қырларын көрсету, салауатты өмір салтын насихаттау.

«Көркем гимнастика – спорттың ең сұлу түрі. Сондықтан да болар, соңғы кезде спорттың осы түріне деген қызығушылық та артып отыр. Гимнастика әдемі спорт түрі болғанымен, күн сайын үздіксіз еңбектенуді қажет етеді. Себебі бүгінгі еңбек нәтижесі – ертең ел намысын қорғайтын «Чемпионды» даярлайды. Осы орайда, бүгінгі турнирде сынға түсіп отырған барша аруларымызға сәттілік тілеймін!» — деді, аудан басшысы Рақымберді Жанысбекұлы Мүлкеманов.

Турнир ережеге сәйкес жекелей және топтық бағытта өткізілді. Нәтижесінде  топтық сайыстар бойынша  жалпы 11 алтын, 12 күміс медаль иегерлері анықталды. Ал, жекелей сайыста 7 алтын,  7 күміс, 46 қола медаль иегерлері анықталып, аудан әкімінің арнайы Кубогімен, дипломымен және мерекелік сыйлықтарымен марапатталды.

Сондай-ақ, турнирге қатысушы барлық спортшыларға аудан әкімі атынан және қалалық мәслихат депутаты Н.Төлегенов атынан естелік сыйлықтар табысталды.

Сонымен қатар, турнирдің қорытындысында аудан басшысы Рақымберді Жанысбекұлы барлық қатысушылар мен жеңімпаздарды құттықтап, сәттілік тіледі.

Айта кетейік, аудан әкімі Рахымберді Мүлкеманов «Балалар жылында» алғаш рет өткізіліп отырған бұл спорттық сайыс алдағы уақытта Қаратау ауданы аумағында дәстүрлі турнирге айналатынын атап өтті.