Түркістан облысында инсульт орталықтары мен томографтарға 1 млрд теңге жұмсалды

1085
Түркістан облысында бір жылда 1 млрд теңгеге компьютерлік томографтар алынып, Кентау, Сайрам, Сарыағаш аудандарында инсульт орталықтары ашылды. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
2018 жылы атқарылған жұмыс барысын баяндаған басқарма басшысы облыстағы қажетті кардиохирургиялық төсек орындарының  саны 30-ға жеткенін атап өтті. Ал, жол қартасы аясында қала-аудандарда қосымша 5 жедел жәрдем бригадасы ашылып, клиникалық диагностикалық зертханалық қызметтер сапасы  жақсарғанын жеткізді.

Түркістан облысында инсульт орталықтары мен томографтарға 1 млрд теңге жұмсалды

«Медициналық  құрал-жабдықтар мен  бұйымдарды, кадрлық әлеуетті ұтымды пайдалану үшін Леңгір және Кентау қалаларында емханалар мен ауруханалардың зертханалары орталықтандырылды. Компьютерлік роботталған нейрохирургиялық жүйе орнатылып, олар омыртқада орналасқан жүйке жүйесінің ауруларын емдеуге қолданылуда. Қазақстандағы алғашқы Витилиго орталығы ашылып, витилигоны жаңа хирургиялық  әдіспен емдеу енгізілді. Стационарлардың қабылдау бөлімшелерінде триаж жүйесі орнатылды. Жедел медициналық көмек қызметінде «Көмек» автоматтандырылған басқару жүйесі іске қосылды. Барлық машиналар GPS навигациямен қамтамасыз етілген»,- деді Мұқан Егізбаев.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 2 миллионға жуық халық тұрады. 30 ауруханалық ұйым, санаторийлер мен жедел медициналық көмек станциялары жұмыс істейді.