АБАЙ ӨМІРІНІҢ СОҢЫ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

1157

Абай өмірінің соңы жайлы аңыз, әңгіме көп, бірақ жүйесіз, көбісі екіұшты, ашылмаған. Ұлы Абайды алыс-жақын елдерге танытсақ дейміз. Жөн-ақ. Бірақ алдымен өзіміз жақсы танып-біл­генге не жетсін?! Ол үшін кемеңгердің өмірі және еңбектері трафаретті көз­қарас­тан, цензура таңбалаған ақтаңдақ атаулыдан арылуы керек-ау.

Сондықтан қолда бар естеліктер мен Абайдың төл өлеңдері бойын­ша шындық ауылын іздейік. Сөзді Мағауия қазасынан бастайық. Ата даңқы жер жарған, өзі де еліне сый­лы болғандықтан, қалың жұрт «ой, бауырымдап» ағылған. Халық аяулы Абайын үш күндей босатпаған. Осы ауыртпалықта қан қысымы (г­и­пер­то­ния дейді) жоғарылап, мидағы қан та­мырының бірі үзілуіне – мик­роин­сульт­ке әкеп соққан. Оған Абай сөзі азай­ған, қозғалысы баяулаған біртүрлі хәл­ге ұшырағаны дәлел. Осы хәлді көр­ген жандар аз емес.

1904 жылдың жазына дейін Абай ауылы, Жидебай тұрғыны бол­ған адамның бірі – жігітек Қорамжан. Абай оған: «Сендерді енді өз ауыл­да­рыңа көшірейін деп отырмын. Мен де енді қанша өмір сүрер дейсің. Көзім­нің тірісінде көшіңдер», – депті. Бұл Ма­ғауияның жетісін бергенде болған оқи­ға. Қорамжанның келіні Мақып әжей былай деп есіне алады: «Абай біз­ге екі бие, екі түйе, бір сиыр берді. Киін­дірді. Біз жігітек руы отырған Са­рыкөл деген жерге көшіп бардық. Бір айдан соң «Абай қайтыс болды» деген ха­бар келді ауылға» (бұл естелік толық түрінде жазушы Т.Әлімқұлов­тың «Жұмбақ жан» атты кітабында бар).

Абай: «Мен енді қанша өмір сү­рер дейсің» деген. Қорамжан­ды еліне көшірген. Демек, өмірінің тау­сыларын жақсы білген. Абайды сол соң­ғы күндері көргеннің бірі – Бей­сехан Сағындықұлы деген атқос­шы жігіт Өзбехан деген ел ағасына еріп, Байқошқар жайлауында отырған Абай ауылына барған екен. «Абай ағаның үйіне бардық, Абай дүниеден өтерден екі күн бұрын, – дейді Бейсехан. – Сә­лем беріп отырғаннан кейін Өзбехан көңіл айтты (Мағаш қазасына – ред.). Абай аға төсек үстінде жатыр екен, басын көтеріп, жастыққа шынтақтап оты­рып «әумин» деді. Өзбехан: «Әбе, қа­лыңыз қалай?», – дегенде Абай: «Ба­сым ауырып, тынысым тарыла береді», – деді. Біраз отырғаннан кейін қайта жолға шық­тық» («Абай» журналы. – 2001. – №4).

Осыдан небары бір тәулік өтер-өтпесте Абай дүние салған. Әрхам Кәкітайұлы жазады: «Сол күні кеш­ке Абай ауырып шықты. Төсектің үс­тінде басын көтеріп отырып алды. Та­мақ ішпеді, не жатып ұйықтамады. Өзі сөйлемеді, бірақ жағдайын сұраса басын шайқады. Мұндай ауруды бұ­рын көрмеген ел аң-таң болды, не ша­ра істерін білмеді».

Сөйтіп, Мағауия жөнелтілген кез­ден Абай көпке беймәлім бір ауру хәлге ұшыраған. Мағаштың қы­рық күндік асы берілгенше сол хәл­ден айыға алмай, көз жұмған. Көзі көр­гендер бірауыздан бекітетін жәйт, міне, осы.

Бірақ біз жеткізбек ақиқат – бұл емес. Жоғары қан қысымы Абай­да қашаннан? Ол Мағауия өлімі­нен пайда болған ба, жоқ әлде бұрын­нан мазалап жүрген дерт пе? Біздің міндет – осыған көз жеткізу, анықтау.

Бірақ біз жеткізбек ақиқат – бұл емес. Жоғары қан қысымы Абай­да қашаннан? Ол Мағауия өлімі­нен пайда болған ба, жоқ әлде бұрын­нан мазалап жүрген дерт пе? Біздің міндет – осыған көз жеткізу, анықтау.

Бас абайтанушы Мұхтар Әуезов бы­лай деп жазады: «Өз қолын­да соңғы жылдарда болып, Абайды өзі күт­кен Кәмәлия (Кәмәш) деген келі­ні­не Абай өзі өлерден бұрын ауырмай тұрып: «Мен биыл өледі екем» деп ішкі өзі түйген ауыр сырын ең алдымен ай­тады» (Абай Құнанбайұлы. – Алма­ты, 1995. – 85-бет).

Құнды дәйек. Абай: «Мен биыл өледі екем» деп сыр ашқан. Ма­ғаш қазасынан бұрынырақ. Демек, ой­шыл жүрегі дерттілігін жақсы біл­ген, өзін-өзі қадағалап, күтінумен жүр­ген. Кәмештің «ауырмай тұрып» де­генінен ұғылатыны – Абай сыр­қатын іште тығып ұстаған. Көпшілік тұр­мақ, келіні Кәмешке де білдірмеген. Неге? Мұны Абайдың өзі: «Кейде оны­сын (дертін) жасырар жұрттан ұрлап, Кетірер деп мазақтап беттің арын» деп түсіндіреді («Ауру жүрек ақырын соғады жай» өлеңі).

Әкесі туралы көлемді естелік иесі Тұрағұл не дейді? «Жа­сын­да атқа болдырмайтын жүргіш болып­ты, мен есімді білген кезде 30-40 шақырымдық жерге салт атпен жүру­ші еді» дей келе, өмірінің соңында әкем машығы күрт өзгерді дейді Тұраш: «Көбінесе үйде отырғандықтан ба, …еріншектік ертерек иектеп, көп атқа мінуді азайтып, шау тартты». Атқа мінуді азайтып, шау тартса, бұл ненің белгісі? Ел іші мұны еріншектік, енді бірі кәрілік дескен. Ақиқатында, жүрек соғуы әлсірегендік екені анық. Қан қысымы тұрақсыз кісі өзін қалай сезінбек? Бүгінгі таңда баршаға аян, бірақ көшпелі дәуірде халық мұндай ауруды білмей, аң-таң болған. Сон­дықтан Абайдың денесі ауырлап, жүріс-тұрысы азайған хәлін Шәу­кімбай, Өмірбек, Қатпа, Жарқынбай, Қо­рамжан сынды жалшы-малшы, көр­ші-қолаң түгілі, Тұрағұл да «ерін­шектік» санап отыр.

Осы айтылған дерек-дәйектер Абайды мазалаған жүрек сыр­қаты және бұл әріден дендеген дерт деп тұжыруға жеткілікті сияқты. Күмән-күдікті сейілту үшін енді Абай өлеңдеріне көз тігейік.

«Ауру жүрек ақырын соғады жай» өлеңі 1898 жылдың күзінде жазылған, ақын көңіл күйінің сол шақтағы айнасы есепті. Өйткені өлеңде осы жылдың жазында тәніне қамшы тиген, жүрегіне қаяу салған Мұқыр сайлауы оқиғасының ізі сайрап жатыр. Жырды Абай:

Ауру жүрек ақырын соғады жай,

Шаршап қалған кеудемде тулай алмай.

Кейде ыстық қан басып кетеді оны,

Дөңбекшіген түндерде тынши алмай, –

деп бастайды. Автобиографиялық сыр бары анық: өз жүрегі дертінің дәлді диагнозы. Демек, жоғары қан қысымы Абайда осы кезден деп білуге толық негіз бар. Аталмыш дерт неден? Оның жауабын ақын «Қараңғы, саңырау қайғы ойды жеңген» деп басталатын екінші шумақта айтқан және әрі қарай жүрек жарасы неден екенін тиянақтай түскен. «Тірілтіп өткен күнді, тағы шөлдеп… Кейде қайғы, азапты тағы да іздеп», «Кейде ойлайды жылауға қайғы зарын… Кейде онысын жасырар жұрттан ұрлап» деген өлең жолдары осының айғағы. Өлең соңын:

Ауру жүрек ақырын соғады жай,

Өз дертін тығып ішке, білдіре алмай.

Кейде ыстық тағы да қан басады,

Кейде бір сәт тыншығар үн шығармай, – деп қорытады.

Келесі 1899 жылғы «Есің­де бар ма жас күнің?» өлеңі соңы да:

Жаралы болған жүрекке,

Дауа бер, жамап сылайын, –

деп түйінделген. Осы қапалы сарын «Жүре­гім менің қырық жамау» өлеңін­де жалғасын тапқан. Қай қайсы да ке­меңгердің өз көңіл күйінің суреті еке­ні талас тудырмаса керек.

Сөйтіп, Абай – жалғыз, жүрек дерттенген. Бірақ шыдаған, біл­дірмеген. Келтірілген 1898-1899 жыл­ғы өлеңдері – соның куәсі.

Бұл жайында Шәкәрім «Кәрілік – шал деген бір…» деген өлеңін­де:

Кім жалғыз, бұл жалғанда – есті жалғыз,

Мұңдасар болмаған соң бір сыңары.

Жалтаңдап жалғыз

Абай өткен жоқ па,

Қазақтан табылды ма соның пары?

Өлеңімен жұбатты өзін-өзі

Еңбегі еш, іші беріш, жүзі сары.

…Не қылса да шыдады, білдірмеді,

Сол десеңші сабырлы қазақ нары –

деп сыр бөліседі. Естінің жалғыздық трагедиясын бұдан асырып айту қиын.

Сонымен, алыс-тартыстан қа­жы­ған, ол аздай, жүрегі сыр бере бастаған Абай бейнесі біршама анық­талған сияқты. «Досты қайдан та­басың, Кеңесерге адам жоқ» дейтін ақын­ға ең керегі не еді? Әрине, ты­ныш­тық, тек қана тыныштық! Сон­дық­тан Абай мүмкіндігінше оқшау­ла­нып бағады. Әкесі Құнанбай құсап ел жұмысына араласуын біржола тияды. Тек рухани әңгімеге баяғыша құл­шы­нып отырған. Әрхам ақсақал кейде түн­де де жұмыс жасады дейді. Таза ой ең­бегімен шұғылданып, өзі сөзінше «Бір хақты таппақпен ләззаттанғаны» анық. Айта өтері, 1898 жылдан кейін Шың­ғыс болысы билік тізгінін Ақыл­бай, Мағауия, Тәңірбердінің Әзімбайы жә­не Құдайбердінің Ырызықбайы (Шәкәрімнің інісі) алған болатын. Би­лік, жүгіністе, әсіресе Мағауия ой­қас­тап озып, әке аузын сөзден, алдын кі­сі­ден босатқан. Абай да жақсы көр­ге­ніне мысал,1904 жылы қар кете сала: «Абай Еркежанды ертіп, ұранқайымен (ықшам киіз үй) Мағаштың ауылына ке­ліп отырды» дейді Тұрағұл. Бұл Ма­ғаш­тың төсекке таңылған кезі.

Тұжыра келгенде, Абай жан ты­ныштығын шығармашы­лық­тан тапқан. 1898-1901 жылдардың же­місі, ең көлемді еңбегі – «Тасдиқ» ат­ты күрделі трактаты сөзіміздің ай­ғағы. Лермонтовтан көп өлеңдер ау­дарған. «Сол досты сая таппай іздейді жан, Жоқтайды күңіреніп, қозғалып қан» деп өзі айтқандай, орыс ақыны жыр­ларынан Абай өзі көп іздеген мұң­дасатын, сырласатын жан досын тап­қаны тағы ақиқат.

Енді «Сенатқа хат» атты құжатқа ауы­сайық. Бұл Абайдың 1899 жы­лы Ресей империясының құзырлы ор­ганы – Сенатқа жазған хаты. Хат Ма­ғауияның қолымен жазылып, Абай соңына қол қойған. Көлемді хатта Мұ­қыр оқиғасын егжей-тегжей баян­дап, хат авторы қылмыстық істі қай­тадан қарауды сұраған. 1980 жылдары Пе­тербор қаласындағы архив қо­рынан табылған бұл құжат айтылып-жазылудан кенде емес. Зерттеушілер Абай білікті заңгер ғалым болғанының куәсі, міне, осы құжат десті. Хаттың мә­тіні орталық баспасөздерде және 1995 жылғы Толық жинақта жария­лан­ды. Шыны керек, осы мұра Абай абы­ройына да, өмірінің соңын дұрыс тү­сінуге де көлеңкесін түсіріп-ақ тұр. Неге десеңіз, хат Абай тоқтамына үн­дес емес, тіпті қайшы келеді.

Тұрағұл айтқан Мұқыр оқи­ға­сына қатысты Абай тоқтамы мы­нау: «Бұл – жаманшылықтан туған жа­маншылық деп біліңдер. Өлеміз, өл­тіреміз, бітім жоқ деген сөз дұрыс емес. Мен енді бұл бітімсіздікті қос­тауға жайым жоқ. Жөні келсе, мен бі­тім­нің кісісімін, – деп елді тоқтатты». Керей Бегеш шешен бастатқан төрт арыстың игі жақсылары жиналған жиын­да да Абай бітімге келген, тіпті дұш­пан басы – Оразбайға да кешірім ет­кені аян.

Міне, иланымды Абай тағы­лы­мы осы. Ал мына хатқа не дейік? Кәне, айтаққа ерген, қамшы сіл­теген пенделермен алысу әулие Абай­ға лайық па? Олармен соттасып, тіресерлік уақыт, күш-қуат болды ма? «Адам­заттың бәрін сүй бауырым деп» жар салған хакімдік сананы қайда қой­мақпыз? Шынымен-ақ көкейге қо­нымсыз дүние. Сондықтан хат қан­дай жағдайда жазылған дегенге аз да болса тоқталып, тексеріс жасауға мәж­бүрміз.

Ақиқаты сол, Абайды Сенатқа хат жазуға жоғарыда аталған бо­лыстық тізгінін ұстаған төрт азамат көндірген (1898-1901жж. Шыңғыс бо­лысының болысы– Ақылбай). Бо­лыс құрамына бір кіріп, бір шығатын наразы топ – жігітек, бөкеншінің телі-тентектерін ықтырып алуға мүдделі осы­лар. Хатқа бастамашы да осы төр­теуі. Абайға көнуге тура келген. Мы­сал­ға «Жүрегім менің – қырық жамау, Қиянатшыл дүниеден» (1899) деген өлеңінде:

Кәрілік те тұр тақау,

Алдымызда айла жоқ.

Қайғысыздың бәрі асау,

Бізге онан пайда жоқ, –

десе, бұл шарасыздық жағдайын ептеп жеткізгені. Яғни, «Қайғысыздың бәрі асау» дегені жалпыға емес, жалқыға, өз ай­наласына меңзегені. Сондай-ақ «Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас» өлеңінде «Қартаң тартқан адам­нан от азаймақ, От азайса, әр істің бәрі тайғақ» (1902) дейтіні де сол.

Сөйтіп, архив құжаты хакімнің мұратына, өнеге-өсиеті мен ама­натына қайшы, оны әйгілеу керек емес. Абайдың алып тұлғасына қылау­дай болса да көлеңке түсіретін дүниеге Абай жинағында орын жоқ.

Қорытынды: Абай науқасы ал­ғаш 1898 жылы белгі берген, бір. Сол дауасыз дерті алты жыл кейін­де Мағауия қазасы кезінде мик­роин­сультке ұласқан, екі. Сенатқа хат, үш. Соң­ғысы – асау жастар талабы, баста­масы. Қазіргі таңда халыққа қажетті – ­шаблонсыз, цензурасыз Абай екені хақ. Сондықтан сөз болған жәйттер еле­ніп-ескерілер деген үміттеміз.

Асан ОМАРОВ,  

зерттеуші