ИГІЛІК ТҰРҒЫН АЛАБЫНДАҒЫ ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

606
Шымкент әкімі М.Әйтенов Қонаев даңғылындағы құрылыс жұмыстарының барысын да тексерді, деп жазады қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ardak.kz ақпараттық агенттігі.
Д.Қонаев даңғылының 5 кезеңіндегі құрылыс жұмыстары Бадам өзенінен бастап Д.Қонаев даңғылы жалғысының 6 кезеңіне дейін аралықты қамтиды.
Құрылыс жобасы бойынша Д.Қонаев даңғылы 5 кезеңінің ұзындығы 4,6 шақырым, жолдың ені 23 метрді құрайды. Жолдағы салынып жатқан аяқжолдың ені 3 метр, 6 қозғалыс жолағы бар. 5 кезеңнің жұмыс шеңберінде жол негізін әзірлеу, тас төсеу, суағарларды орнату, су өткізгіш құбырын орнату жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, құрылыс белдеуіндегі инженерлік желілерін ауыстыру жұмыстары жоспарланған.
Сонымен қатар, Д.Қонаев даңғылында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың бірі — тірек қабырғаларын орнату. Оның ұзындығы оң жағынан 1620 метрді құрайды. Сол жағынан 1689 метр. Биіктігі 0,6 метрден 14,25 метрге дейін.
Сонымен бірге, Қала әкімі Абай ауданы Игілік тұрғын алабындағы жоспарланған орташа жөндеу жұмыстарын тексерді.
Мұнда бірқатар көшелерге биыл асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Сергелі, Шеңгелді, Беріктас, Бабата, Атауы жоқ 32,33,34,35 көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Игілік тұрғын алабында жалпы 6,8 шақырым жолға асфальтбетон қабатын төсеу жұмыстары көзделген. Бүгінгі таңда жұмыстар аяқталуға жақын.
Биылғы жылы бекітілген жоспарға сәйкес, қаламыздың магистралды көшелерінен бөлек ішкі орам көшелерге көбірек көңіл бөлінуде.
Естеріңізге сала кетейік, жолайрықтың Бәйдібек би бойындағы көлік қозғалысы 6 шілде күні жабылған болатын. Жоспарға сәйкес, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Бәйдібек би даңғылы бойымен солтүстік бағытта көлік қозғалысы жартылай ашылып, оңтүстік бағытта көлік ағыны Арғынбеков көшесінн бұрылып Байтұрсынов көшесіне қарай өтеді.
Көлік қозғалысы үшін Арғынбеков көшесіне альтернативті магистралдар ретінде Рысқұлов және Төлеметов көшелері белгіленген. Ал, Бәйдібек би даңғылына альтернативті көше ретінде Бәйтереков, Шаяхметов және Өтегенов көшелері белгіленген.