немесе Абай күнінің кейбір сабақтары?!
1. Абай, «көк және көп иттер…» туралы айтады. Біз соның қайсысымыз? Ел, ұлттың қамын жеген көк ит пе, әлде оны көре алмай күндейтін көп ит пе?
2. «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма…» дегендегі мыңы тобықтының ата, руға бөлініп қырық пышақ болып өмір бойы таласпен жүрген, бастарында бірлігі жоқ траиболистер. Бірлігі мықты ұлт болып қалыптасу әр қазақтың өзінің кім екенін анықтауына байланысты?! Ру-жүзшілдердің арасында сенім болмайды, сенім жоқ жерде бірлік жоқ, бірлік жоқ жерде біртұтас ұлт қалыптаспайды;
3. 2-ші Қара сөзде, «қазақтың моральдық деңгейі орыстың мұжығынан төмен…» дейді. Жер-жаһанды аралаған поляк әдебиетінің классигі А.Янушкевич, «қазақтың моральдық деңгейі поляктардан жоғары…» дейді. Мен Янушкевичке сенемін. Сіз ше?
4. 12-ші Қара сөз, «қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ…» деп басталады. Абайдың замандасы Потанин, «қазақ сахарасының батысы мен шығысында бір тілде сөйлейді. Ол біртұтас ұлт» дейді. Осы біртұтас елді бір-біріне жау деу дұрыс па? Әлде, 1930 жылдардағы репрессия кезінде, мысалы түрмеге үш рет отырып келген А.Байтұрсыновтың, бостандыққа шыққан М.Жұмабаевтың үстінен арыз жазып, т.б. 60 мыңдай ұлт зиялыларын аттыруға себеп болған қазақтан шыққан қаңғыбас иттерді айтты ма? Әлде, қазақтың тағдырына немқұрайлыларды айтты ма? Соңғы 150 жылда біз неге тілден, ұлттық болмыстан айырылдық?
5. 13-ші Қара сөз, «тірі қазақтың сөзден аманы жоқ, өлген қазақтың жаманы жоқ…» деп басталса, тағы бір қара сөзде, «қазақ істен гөрі уақытты бос өткізіп, кезбелікке бейім…» дегенді айтады. Осы рас болса артық сөзден құтылып іске кірісу үшін не істеуміз керек?
6. Қасиетті кітаптарда «Халық Құдайдың бір аты» дейді. Олай болса пайғамбар, әулие-әмби, данышпан, ұлы… яғни пенделердің халықты сынауға қандай құқығы бар немесе бұлай сынау Қытайдағы ұйғыр халқын террорис деп жариялаған сияқты емес пе? Бұл жерде ақын, оны сойылға жыққан тобықтының содырларын яғни тобырды қазақпен шатастырып тұрғанда ғана оны түсінуге болады?! Басқалай оны түсіну мүмкін емес.
Жалпы, Қара сөздердегі жоғарыда келтірілгендер бүгінгі қазақ қоғамы үшін маңызды ма, ол қазақтың ұлт болып қалыптасуына оң әсер етеді ме, әлде кері әсер етуде ме? Ол жолдарды Қара сөзден алып тастауға қалай қарайсыз?
7. Абай, «надандарға дес берме…» дейді. Бүгінгі надандар – ол қазақтың ел болуы мен қоғам дамуына кедергі болып отырған кері заманның ұрпақтары — мәңгүрттер мен траиболистер. Жауды білгенің, оны жартылай жеңгенің. Толық жеңу үшін күресу керек;
8. Бір көсем, бір ұлы тұлға немесе бір эпосқа табынатын қауым толыққанды ұлттан гөрі есалаң тобыр немесе тура жолмен жүрмей, бір жаққа тарта беретін жырық езу ат сияқты. Қазіргі, немістерге Гетенің 146, орысқа Л.Толстойдың 80 томдық туындылары таршылық ететін заманда, Абайдың бір томдығын өмір бойы «азық етіп», «Абай біздің барымыз» дейтіндерді ширек адам деп атауға да болмас? Әлде, Абай айтқан надандар осылар ма?
Жапондар айына 8-10, еуропалықтар 5-6, азиялықтар яғни қазақтар да жылына бір кітаптан оқиды. Біздің тұрмыс деңгей жапондардан 9-10 есе, еуропалықтардын 6-8 есе төмен…;
9. Абайды адамзаттың ақыны, философы… деп жатады.
О.Шпенглер өзінің «Закат Европы» еңбегінде «Барлық рухани құндылықтың негізі ұлттық құндылық… адамзаттың құндылығы осы ұлттық құндылықпен өлшенеді және ол бастауын ұлт мәдениетінен алады» дейді. Орыс философы Иванов, «тек рухани құндылық ғана емес, тіпті ғылымның өзін ұлттық» деп анықтайды.
Ф.Достоевский 1882 жылы А.С.Пушкинің ескерткішін ашу салтанатындағы сөзінде, «Шекспир шығармаларында ағылшынның, Гетеде немістің ұлтшылдығы бар. Ал, Пушкин адамзаттың ақыны…» деп орыс қауымын бір ғасырға адастырды. Біз де Абайды «адамзаттың данышпаны» деп адасып жүрген жоқпыз ба?! Космополитизмнен адамзат құндылығының, космополиттерден адамзаттың данышпанының айырмашылығы қандай?
Неге Хайам мен Шекспир әлемнің бар тілдеріне, Гете 150-дей, Пушкин жүзден астам тілдерге, ал Абай 5-6 ғана тілге аударылған? 2014 жылы, «Абай бастаған он ақын-жазушының туындыларын ағылшын тіліне аударайық» деген ұсынысымызды сол кездегі Мемхатшы Марат Тажин қолдағанмен, ол мәселе ғалымдар мен жазушылар ұйымдастыруға келгенде жүрмеді. Сонда, «осы уақытқа дейін Абайды ағылшынға неге аудара алмадық дегенде?!», тіл маманы академик ағамыздың жауабы, «Абай біздің бәріміз, ол сондай ұлы, ол аударуға келмейді» дегенге сайды. Ал, «Омар Хайам барлық тілге аударылды» немесе
«Фирдоуси, Хафиз, Хайам, Рудаки, Навои,Саади, Низами, потом я», деген Гете, Абайды өзінің алдына қояр ма еді?», дегенге жауап жоқ.
Біреулер Абайды батыстың философтарынан биік қоюда. Философия да категориялары айқындалған сала. Мысалы, біз оны замандастары Шопенгауэр немесе Ницщеден биік деп айта аламыз ба?! Поляктар Янушкевичтің, украиндар Шевченконың философиясы жоғарыдағы философтардан биік деп айтар ма еді?! Бұл да дарақылық пен сандырақтың бір түріне ұқсайды?
10. Абайдың, «білім, өнер орыста. Орыстан үйрен…» дегені бүгін актуальды ма? Халқымыз, елу жылда ел жаңа дейді. Абайдың кезінен бергі 150 жылда бұл ел үш рет жаңаратын кезі болды. Халқымыздың, «қарекетте берекет» дегені заманның ұранына айналған кезде әлем экономикасы, ғылымы, медицина т.б. салалардағы үлесі 2-3% Ресейден ғана емес, барлық дамыған елдерден үйрену қажет. Ал, елдің іші мен қоғамда қазақ тілін дамытпау,- ол мемлекеттік қылмыс. Біз, Әбубәкір Кердері айтқан, «Ұры-қары жиналып, Ұлағатты ел болмайтын» кездеміз;
11. Орыстың отарлау және Кеңес кезінде, сонымен қатар тәуелсіздік жылдарында Абай қазақтың бас ақыны болып қалуда.
Бұл, Абайдың феномені?!
Абай ұлттық әдебиетіміздің мақтанышы ретінде жалғыз ба? Одан басқа кіммен мақтанамыз? Бұндай сұрақ ұлттық өнер мен әдебиетке байланысты аборигендерден басқа барлық халықтарда тұлғаларға қойылуы заңдылық. Себебі, сыналмайтын кез келген тұлға, ол жеке басқа табынуға яғни қоғамды рухани, саяси т.б. жағынан кері кетіретін шірігін батпаққа айналдырады. Мысалы, КСРО ыдырағаннан кейін Лениндік сыйлықтың лауреаты Мұстай Кәрімнің башқұрт халқының ұлттық мүддесіне қарсы жүйелі істеген жұмыстары әшкереленуде. Ал, бізде отарлаушыларға қызмет еткендер де, Кеңес үкіметін дәріптеп алашорданы даттағандар да, қазақ тіліне қарсы жұмыстанғандар да… барлығы классиктер?! Кебегі мен тарысы бір жерде.
Ондай қоғамда Ар қайда, Рух қайда, Намыс қайда, Ақиқат қайда… ажырату мүмкін емес.
Тәуелсіздіктің тұғыры,- ол Қазақтың тілі, дәстүр-салты және мәдениеті. Бұл, Қазақстанның негізгі құндылықтары. Ал, құндылықтары айқындалмаған қоғам тәуелсіздіктің басында, біз де Мұса (Моисей) пайғамбарға 40 жыл ерген еврейлер сияқты боламыз деп даурықты. Ол, 30 жылда біреулері — салафит, екіншілері – кришна, үшіншілері – сатана… «барлығы да әулие», «барлығы да қасиетті», бірақ құбыласы, құндылығы және басында бірлігі жоқ, үш мыңдай бағытқа адасқан әпенділер қауымына айналды. Кумир іздеген тобырдың тағдыры осындай.
Бұл, қай уақытта да ақиқат жолының күрделі және сол жолда жүрген тұлғалардың тағдырлары трагедияға толы екенін көрсетеді. Мысалы, Данте екі рет, Микеланджело бір рет өлім жазаларына кесілсе, Галилейді өртеді, Пушкин мен Лермонтовтар дуэльде, Махамбет пен алашордашылар күрес жолында құрбан болды… Бұл ақиқат пен күрес жолы, өмір заңы;
12. Шевченко күрескер, Абай ағартушы ақын. Ол, халқын отарлаушыларға қарсы азаттық күресіне шақырған жоқ, «…бастан ырқың кеткен соң өздігіңнен түзеле алмайсың» деп қайғырды. «Мың қайғы бір борышты өтемейтін» яғни бізге тәуелсіздікті баянды етіп, жер тұтастығы мен адам құқығын сақтап, демократиялық қоғам құрамыз деген заманда, алдымен осы жолда күрескен ұлы тұлғалардың ұлағатты істерін ұрпақ санасына сіңіріп, арлы және намысты буын тәрбиелеу алдыңғы қатарға шығады.
«Біз заманға не қылдық?!», деп қанша зарласаң да, одан заман өзгермейді. Заманды өзгертетін жасампаз еңбек, асқақ рух пен күрес;
13. Себебі, соңғы бір ғасырда негізінен Абайды оқып, содан үлгі алып өскен ұрпақ, ұлттық құндылықтар мен болмысты сақтап, оны дамытудың барлық майданында жеңіліске ұшырауда. Оған бір Абай емес, барлық зиялылар мен қазақтың өзі кінәлі. Енді арнайы заң шыққан 25 жылдан бері қазақ өз тегіндегі «-ов», «-ев»… сияқты құлдық таңбадан арылуға асығар емес?! Отбасында да ана тілде сөйлеуге деген ынтаны көріп тұрған жоқпыз. Қазіргі қазақтың саяси немесе рухани көсемдер іздеген құлдық психологиясы мен ұлттық мәселеге келгендегі масылдығы, ол фашизмнен де қауіпті құбылыс. Бұл жерде тек Абай, не Махамбет қоғамның азғындау үрдісін түзете алмайды. 1943 жылы Отан соғысының шешуші кезінде халықтың рухын көтеру үшін батырлар жырын барлық оқу орындарының бағдарламаларына кіргізу туралы Үкімет шешім шығарды. Бізге рухани салада батырлар жырынан бастап, Томирис пен Мөде, Еділ (Атилла) мен Шыңғыс хан, Қасым, Әбілхаыр, Абылай, Кенесары т.б. мектеп, ЖОО оқулықтарына енгізіп, егеулі намысты қамшылайтын кез келді. Бұл істе билігі, зиялысы… барлық қоғам бір жағадан бас шығару керек. Олай болмаған жағдайда елді Ирак, Ливия, Белоруссиялардың… тағдырлары күтіп тұр?! Біз әлі күнге ұлттық бірлік пен мемлекет мүддесі деген ұғымдарды түсіне алмай келеміз яғни бізде ұлттық және мемлекеттік мүдде деген сана қалыптаспаған. Одан гөрі көпшілігінің санасына жеке, не рудың мүддесі, болмаса Абайдың «болды да партия, ел іші бүлінді…» дейтін белгілі топ, не партияның мүддесі жақын тұрады. Сондықтан, өркениетті елдерде ел мүддесі үшін күресетін патриоттар құрметті болса, бізде оларға коррупциялық қоғам «сенімсіздікпен қарайды». Бұл қоғамның трагедиясы;
14. Бір жағынан халықтың Абайға деген сүйіспеншілігі қуантқанымен, қазақтар және билік шынымен ана тілі мен әдебиетті сүйетін болса, неге олардың жартысы мәңгүрт? Біз неге әдебиеттің классигі (мүмкін жалғыз), Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдіжәміл Нұрпейсов ақсақалға Қаһарман немесе Еңбек Ері атағын беруге жарамаймыз?! Әдебиет ардың ісі, ал біздің ана тілі мен әдебиетке деген бүгінгі «жасанды сүйіспеншілігіміз»,- ол арсыз бен тексіздің тірлігі;
15. Олай дейтінім, біз ұлттық негізімізден ажырап кеткен, барлық құндылықты саяси тұрғыдан қарайтын тобырлық санадан әлі шыққан жоқпыз. Надандарға дес берген қоғамда, біреулер, «қазақ әдебиеті Абайдан басталады» деп жүр. Сонда, Абайға дейін қазақта әдебиет болмаған ба? Жазба әдебиет Баласағұн, Навои, Бұхар жырау (Қытай архивінде 20 мың жол шығармалары сақталған) … Түркілер әлемде ең көлемді эпостар жазып, оны әлемге тарату арқылы осыдан 3,0-3,5 мың жыл бұрын адамзаттың трагедиясын түсіндірген (А.Вебер) бірден-бір суперэтнос…;
16. Абай ең көп зерттелген тұлға болғанымен, ол дүниеге келіп жатқанда Исатай-Махамбеттер бастаған көтеріліс, ол 12-13 жаста ел басқару ісіне араласа бастаған кезде, Жюль Верн (Хан Кенеге арналған «Курьер царя» романында) «Петербор мен Үркіт (Иркутск) арасын он жылдан астам дүр сілкіндіріп, дірілдеткен» Кенесарының көтерілісі туралы ештеңе білмеуі мүмкін емес? Себебі, Семейдің жанындағы Ақмоланы екі рет жаулаған және Құнанбаймен белгілі арақатынаста болған Кенесары және ол бастаған ұлы көтеріліс түралы ақынның ауыз ашпауы мүлдем түсініксіз. Жоғарыдағы екі ұлт-азаттық көтеріліс туралы Абайдан басқа ХІХ ғасырдың 2-ші жартысындағы ақындарының барлығы жазған екен! Ол, Жайық бойындағы көтеріліс пен Махамбеттің найзағай жырларын білмегендіктен, ол туралы ештеңе жазбады дейін десең, өзіне дейінгілерді, «Шашубай, Дулат пенен Бұхар жырау, Сөзінің бірі қырау, бірі жамау…» деп сынайды да, тек ғана Махамбеттің жерлесі, әрі замандасы Марабайды мойындайды?!
Мұстафа Шоқай, ұлты мен ана тіліне емес, отарлаушыларға қызмет еткен Шоқан, Санжар (Асфендияров)… трагедиялары туралы жазды. Абай мен Ыбырайлар (Алтынсарин) отарлаушыларға қызмет етпегенімен, патша шенеуніктері мен коммунистер өңдеген Абай мен Ыбырайдың қазаққа қарсы, атеизмді дәріптеген т.б. кейбір шығармалары сол күйінде қалуда. Қазақ, Абайдың поэзиясы мен қара сөздерін емес, оның отарлаушылардың қажетіне қарай өңделген туындыларына мәз болып яғни жолсызда адасып жүргенге ұқсайды?! Ойланатын және сол арқылы оянатын уақытты жіберіп алсақ, құл болып қана оянамыз?!
17. Ғалымдар мен мамандар биылғы Фараби мен Абайдың жылдарын өткізудегі «адамзаттың екінші ұстазы», ұлы бабамыздың мұраларын зерттеп-жарнамалаудың нашар екенін яғни қоғамның интеллектуальдық деңгейінің төмен екендігін айтуда. Шынымен, осыдан он бір ғасыр бұрын жазылған Фарабидің еңбектерін жалпылама болмаса, ел түсінбейді. Біз, біраз жерге жазғанымызбен Махмұд Қашқаридың 1000 жылдығы елеусіз қалды. Қытай, ғұнның ұрпағы Конфуцийді 2500 жыл өтсе де, ұлы тұлға ретінде дәріптеуде. Ал, біз болсақ өзіміздің төл тұлғаларымызды бөліп тұруға дайынбыз. Ол ұлттық сана мен ұлттық идеяның жоқтығының белгісі;
18. Шынын айтса, кешегі Абайдың күні де, Кеңес кезінде тұлғаларды саяси этикет тұрғысынан дәріптейтін, жеке басқа табынған рухсыз тобырдың тойы сияқты болып көрінді. Әрине, әркімнің өз пікірі болар. Алашқа ес кіріп, оған Махамбеттің «Ақырып теңдік сұрайтын» рухы қонбай, бұл елдің өнегелі ұлт болуы қиын. Ауыр болса да, Абай күнінен біз алған сабақ осы болды…
Жанұзақ Әкім
Abai.kz