ОЛИМПИАДА ЖҮЛДЕГЕРІ ЕЛДОС СМЕТОВКЕ АЛМАТЫ ӘУЕЖАЙЫНДА ТОСЫН СЫЙ ЖАСАЛДЫ – ВИДЕО

987

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметов елге оралды. Оны әуежайдан жақындары мен жанкүйерлері ыстық ықыласпен қарсы алып, дзюдошыға су жаңа теміртұлпарды сыйға тартты, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» «Оян, Qazaqstan!» бағдарламасына сілтеме жасап.

Елдос Сметовты күтіп алу салтанатына қазақ эстрадасының әншілері, айтыскер ақындар және Олимпиада жүлдегерінің алғашқы жаттықтырушысы да келді. Шәкіртінің жетістігіне шаттанған жаттықтырушы қуаныштан көзіне жас алды.

«Міне, нағыз чемпион. Менің алғашқы жаттықтырушым. Кішкентай кезімнен мені өз баласындай көріп, алақанына салып өсірген менің бапкерім», — деді Елдос Сметов.

Ел мерейін асқақтатқан спортшыны күтіп алу салтанатында шашу шашылып, оған әуежай маңында жаңа көліктің кілті табысталды. Көлікті Елдос Сметовке кәсіпкер Руслан Берденов сыйлады.

«Олимпиада өте керемет өтті. Залдың бос болғаны біз үшін ыңғайысыз болды. Ең қиын болған белдесу ол – ақтық сайысқа жолдама берілетін финалдық белдесу. Осылай бұйырып тұр екен. Осының өзіне қуаныштымын. Менің елім, жерім, халқым үшінші орынды бірінші орын ретінде қабылдап, мені Олимпиада чемпионы ретінде күтіп алды», — деді екі дүркін Олимпиада жүлдегері.

https://www.instagram.com/oqazaqstan/?utm_source=ig_embed&ig_rid=65d5a1d6-093b-4f9f-9492-70caba3cc115

Спортшыны күтіп алғандардың арасында Мұхамеджан Тазабеков те бар.

«Түнделетіп аэропорттан ата-анасы, бауырлары, достары, журналистер, қаумалаған қалың жанкүйер елмен бірге құрметтеп, күтіп алдық. Ұзақ жылдар еңсесі езілген, өз тағдырына өзі шешім қабылдай алмаған біз секілді пүшайман елге ұлттық рухты оятатын, намысты дуылдататын, көк туды желбірететін әрбір ұл мен қыз қымбат. Елдос солардың бірегейі!», — деп жазды Тазабеков.

Токиода Олимпиада ойындары 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді.

Қазір Қазақстанның қоржынында үш қола медаль бар. 24 шілдеде дзюдошы Елдос Сметов жартылай финалда Нидерланды өкілі Торнике Чакадуаны жеңіп, Қазақстанға қола медаль әкелді. Екеуін ауыр атлеттер – Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло алып берді.