Ауыл әкіміне үміткерлердің кейбірінің дипломы жалған болып шыққан

902

Арнайы тексеру барысында ауылдық округ әкімдеріне үміткерлер арасында жалған дипломы бар 17 адам және соттылығы бар 4 адам анықталды. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин мәлімдеді.

«Бір жағынан, арнайы тексеруді өткізу талабы заңмен бекітілген. Бұл барлық мемлекеттік қызметшілерге міндетті, сондықтан ауылдық округ әкімдері де одан тыс қалмайды. Бұл – бір жағынан. Екінші жағынан, мен бұл сұрақты мамандар жиі қоятынын білемін. Мен сізге жауап берейін. Мен арнайы сұрадым. Ауылдық деңгейдегі әкімдікке үміткерлерді арнайы тексеру нәтижелері бойынша жалған дипломы бар 17 адам және бұрын жауапқа тартылған 4 адам анықталды. Әрине, оларға сайлауға қатысуға тыйым салынды. Яғни гипотетикалық түрде, бұл процедура болмаған жағдайда, халық жалған дипломы бар немесе бұрын сотталған адамды әкімдікке тағайындауы мүмкін еді. Осындай әкімдердің ел басқарғанын қалайсыз ба? Мен де қаламас едім», – деді М. Мурзалин «Хабар 24» журналисінің ауылдық округ әкімдігіне үміткерлерді арнайы тексеру қажеттілігі туралы сұрағына. Жалпы, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасарының пікірінше, ауыл әкімдерін тікелей сайлау басқару сапасына әсер етуі керек. Өйткені әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, тікелей сайлауда басшы сайлаушылар алдындағы жауапкершілікті сезінеді. Бұл оның жұмысының нәтижесіне оң әсер ететіні сөзсіз. Сонымен қатар заңнамада тұрғындардың не жергілікті қоғамдастық жиналысы арқылы, не аудандық мәслихат арқылы әкімнің өкілеттігін тоқтату туралы бастама көтеруге құқығы бар екендігі көрсетілген. Демек, әкім тек сайланып қана қоймай, оны сайлаған адамдардың бақылауында болады. Есеп беру мен ашықтық басқару сапасын жоғарылатады, сондықтан әкім өз жұмысының нәтижесіне көп көңіл бөлетін болады. Қорытындылай келе, М.Мырзалин Мемлекет басшысының билікті одан әрі орталықсыздандыру және одан әрі демократияландыру, оларға қатысты мәселелерді шешуде азаматтардың рөлін арттыру міндеттерін қойғанын еске түсірді. Ауыл әкімдерін сайлау – осы процес элементтерінің бірі ғана.