ЖАСТАРҒА ЖАЛДАМАЛЫ БАСПАНА

708

Мемлекеттік Жастар саясатына сай жұмыс істеп жүрген жастар сатып алу құқығынсыз арендалық пәтермен қамтамасыз етіледі. Бұл жас отбасыларға жасалған жағдай, өйткені, олар пәтер жалдап қаржысын желге ұшырмай арендалық пәтерде тұрып болашақ баспанасына жинауға мүмкіндік алады.

Шымкент қаласында биыл тамыз айында тұрғын үй кезегіндегі 74  азамат жалдамалы баспанаға қол жеткізеді. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімдігінде өткен баспасөз брифингінде қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абылайхан Балықбаев мәлімдеді.

Қазіргі таңда 74 пәтер бойынша тұрғын үй комиссиясының шешімі қабылданып, тиісті құжаттары дайындалуда. Аталған пәтерлер тұрғын үй кезегіндегі көпбалалы отбасылар, әлеуметтік жағынан әлсіз топ мүшелері және жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолданысқа  берілмек.

Ағымдағы жылы 976 азаматты сатып алу құқығынсыз арендалық пәтермен қамтамасыз ету көзделіп, 608 азамат тұрғын үймен қамтылды.

Атап айтқанда, 300 жалдамалы баспана жұмыс істеп жүрген жастарға, 18 пәтер жетім балаларға, 148 пәтер көпбалалы отбасыларға, 142 пәтер  халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына қолданысқа берілген болатын.

Қалған 294 пәтер тұрғын үйлердің  құрылысы аяқталуына қарай үлестірілетін болады. Тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға жалдамалы баспаналар Заңға сәйкес белгіленген тәртіппен және кезек арқылы пайдалануға беріледі.