ЕСІРТКІНІ ЖАРНАМАЛАУДАН САҚТАНДЫРДЫ

693

Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында жастар саясатына мән беріп, олардың бойындағы жаман әдеттерден арылып, жаңа жағдайға бейім білімді де еңбекқор болып өсуін қамтамасыз ету керектігін айтты. Еліміздегі үшінші мегаполисте жастар тәрбиесіне, жалпы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар үздіксіз жүргізіліп келеді.

Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Жастар ресурстық орталығының өкілдерімен бірлесіп, қала аумағындағы сауда орындарында есірткі заттарын насихаттаудың және жарнамалаудың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыс жүргізді.

Сатушыларға ашық түрде есірткі заттары бейнеленген киім-кешектерді, тұрмыстық бұйымдарды сатқаны үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылғаны туралы түсіндіріліп, ақпараттық парақшалар таратылды. Мұндай есірткіні еріксіз жарнамалап, насихаттаудың да құқық бұзушылыққа жататыны айтылды. Әсіресе, мұндай «елеусіз» жарнамалар жастардың теріс жолға түсуіне әсер етуі мүмкіндігі жоғары болғандықтан оның алдын алу маңызды.

Айта өтсек, кәсіпкерлік иелеріне адамның сезімі мен түйсіктеріне бейсаналық әсер ететін, есірткі заттарына қызығушылығын қалыптастыратын немесе оларды қолдайтын бейнелер мен жазулары бар заттарды сатуға тыйым салынады. ҚР ӘҚБтК-нің 423-бабына сәйкес, «есірткі, психотроптық заттарды және сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау» – лицензиядан айыра отырып немесе онсыз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 300, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 500, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Сонымен бірге ондай заттар қоғам ішіне іріткі салып, жасөспірімдерді теріс жолға түсіруі ықтимал. Сол себепті  бұл бағыттағы іс-шаралар қалалық құқық қорғау органдары мен қалалық Жастар ресурстық орталығымен тұрақты түрде ұйымдастырылуда.