БАЛАНЫ ҚОЛДАУ – БОЛАШАҚТЫ ОЙЛАУ

621

Шымкентте дамуында проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік бейімдеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Қалалық білім басқармасы тарапынан бұл салада бірнеше бағытта іс-шаралар қолға алынған.

Атап айтқанда, «2023-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамыту бойынша өңірлік жол картасының» жоспарына сәйкес, қыркүйек айында психологиялық-медициналық педагогикалық кеңес және бір психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін ашу жоспарланған. Сонымен қатар, №1 А.С.Пушкин атындағы мектеп-гимназиясында ресурстық кабинеті қызмет көрсетуде.

Бұдан бөлек, қалада ерекше күтімді қажет ететін балаларды қоғамға тартып, олардың арасында дарынды жандарға қолдау көрсетуде түрлі мәдени іс-шаралар өтіп тұрады. «Ризашылық – мейірімділік бұлағы» жалпыұлттық мәдени білім беру жобасы аясында қалалық «Қазақстан – менің алтын бесігім», «Шексіз шығармашылық» байқауы ұйымдастырылды. «Тең мүмкіндіктер әлемі» «Қоғамға қызмет» жобасы аясында «Өнерліге нұр жауар», «Juldyzai» республикалық балалар шығармашылық фестиваліне талапты өрендер қатысып, жүлделі орындардан көрінді.