«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: «ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫ» КӘСІПОРЫНДАРДАҒЫ ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕРДІҢ ЕҢБЕК ЖАҒДАЙЫМЕН ТАНЫСТЫ

8

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Әйелдер қанаты» партияның «Әйелдерге қолайлы кәсіпорын» әйелдерді қолдау стандарты тұжырымдамасы аясында бірқатар жаңа өндіріс орындарында болып, еңбек ұжымдарымен кездесіп, олардың әлеуметтік жағдайлары мен жұмыс істейтін орта туралы толық ақпарат жинады.
Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, «Әйелдер қанатының» төрайымы Наргиза Керімбаева және ұйым мүшелері қатысып, әйелдердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелерін талқылады.
Әйелдер қанатының ұйымдастырған бастамалары негізінде еліміздің әртүрлі салаларында еңбек етіп жүрген әйелдердің жұмыс жағдайын жақсарту, әлеуметтік, саяси және экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ отбасылық және демографиялық саясатты қолдау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бұл шаралар әйелдердің қоғамдағы рөлін нығайтып, олардың құқықтарын кеңінен қорғауды көздейді.
Жұмысшы топ алдымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ауыр әрі зиянды еңбек жағдайында қызмет атқарып жүрген әйелдердің жағдайына талдау жасау мақсатында «Asia Trafo» мекемесіне барды. Мұнда Еңбек кодексінде және басқа да нормативтік құжаттарда көрсетілген жеңілдіктердің, сондай-ақ кәсіпорындардың өз бастамаларымен жүзеге асырып отырған қосымша кепілдіктердің орындалу деңгейіне назар аударылды. Осы мекемеде жұмысшылардың денсаулығы мен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қосымша ұсыныстар мен шаралар қарастырылды.
Сонымен қатар, топ мүшелері «Экофарм Интернейшнл» мекемесіне барып, ондағы еңбек жағдайымен танысты. Бұл мекемеде де жұмысшылардың талап-тілектері тыңдалып, олардың ұсыныстары ескерілді. Қызметкерлер тарапынан қала орталығына қатынайтын көлік мәселесі көтерілді. Бұл мәселені тиісті басқарма мамандарымен бірлесіп шешу жолдары қарастырылатыны айтылды.
Жиын соңында жұмысшы топ қыз-келіншектердің құқықтарын қорғау және қолайлы еңбек жағдайын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті. Сонымен қатар, алдағы уақытта бұл мәселелерге назар аударып, қосымша шаралар қабылданатыны да мәлімделді.