Жәнібек Әлімxанұлы америкалық «Хитмэнды» нокаутпен жеңді

1184
Кәсіпқой боксшымыз Жәнібек Әлімханұлы (4-0, 1 КО) АҚШ-та кезекті жекпе-жегін өткізді. Осы жолы ол «Хитмэн» лақап атымен танымал америкалық Стивен Мартинеспен (18-4, 13 КО) жұдырықтасты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бірінші раунда екі боксшы бір-бірін зерттеп жүрді. Дегенмен, Жәнібек Әлімxанұлы джеб арқылы дистанциясын бірден тауып алып, сол қолымен бірнеше апперкотын да жасады. Ал раундтың ортасында ішке кіріп алып, әдемі соққысын шебер орындай білді. Осы кезде Мартинестің сәл есеңгіреп қалғаны байқалды.
Екінші раундта Жәнібек сериялы соққыларын жасауға кірісті. Мартинес те қайтпады. Рингтің ортасын бермеуге тырысты. Бірақ үшінші раундта Жәнібек өз қарсыласын нокдаунға түсірді. Шаршы алаңға өзі ие болып, жойқын шабуылдарын шебер жасай білді. Қарсыласы бұрышқа тірелгенде қазақстандық боксшы бірден артқа шегініп, оны рингтің ортасына таза боксты көрсетуге шақырды. Сол үшін жанкүйерлердің ризашылығына ие болды.
Ал бесінші раундта «Хитмэн» қазақ боксшысының сериялы соққыларынан қатты есеңгіреп қалды. Төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Осылайша, Жәнібек Әлімxанұлы кәсіпқой бокстағы бесінші жеңісіне қол жеткізіп отыр.

Жәнібек Әлімxанұлы америкалық «Хитмэнды» нокаутпен жеңді

Айта кетейік, 25 жастағы Жәнібек Әлімxанұлы профи-рингтегі төртінші айқасын өткен жылдың қараша айында өткізген болатын. Сол кезде ол «Жыртқыш» лақап атымен танымал америкалық Александр Вонмен өткізіп, төрешілер шешімімен жеңіске жеткен еді.  Ал бесінші жекпе-жегі алдында қазақстандық боксшы өзінің көңіл-күйімен бөлісіп, жанкүйерлеріне алғысын айтқан болатын. «Жәнібек хан — Қазақ хандығының негізін қалаған хандардың бірі.
Еңселі ел болу жолындағы Керей мен Жәнібектің еңбегі тарихта алтын әріппен жазулы. Ұлт үшін өлшеусіз еңбек етті. Бізге де азан шақырып хан есімі қойылған соң, әлсіз болуға қақымыз жоқ. Бабалардай ұлы іс атқара алмасақ та, Туды құлатпай, намысты бермей, жеңіспен елді қуанту — негізгі міндетім деп есептеймін. Тақымқысар ағайынға мың алғыс. Мұхиттың арғы бетінде жанкүйерліктеріңізді сезініп жүрмін. Бесінші жекпе-жекке де аз күн қалды. Жексенбіде америкалықтарға Қазақтың бокс стилін көрсетеміз, бұйыртса. Жеңісте жүздесейік. Ту желбіресін!», — деп жазған еді ол Инстаграмда.