13-премьер: құт па, жұт па?

1032

Мәжіліс сайлауы өтті. Бұл доданың ауы мен бауы реттелген соң, үкімет доғарысқа кетіп, «үр жаңа» министрлер кабинеті жасақталмақ. Үкіметтегі оқшантайдан кімдер түсіп қалмақ, кімдер келмек? Бұл жайлы сәуегейлік жасап жатқандар да жетерлік. Бірақ мәселе кімнің келуінде емес. Мәселе, кім келсе де мемлекеттің саяси-экономикалық, әлеуметтік бағытында төңкеріс жасай ала ма? Үр үкіметтің дүр тірлігі осы болуы тиіс. Дәурені өтіп бара жатқан Смайыловтың үкіметіне көңілі толмайтындар кө-ө-ө-п. Басты кемшілігі – бағаны тұрақтандыра алмады, қымбатшылықты ауыздықтамады деген тұрғыда.

«Түбегейлі өзгеріс керек. Ол саясатты да, экономиканы да, әлеуметтік саланы да қамтуы тиіс. Яғни пост Назарбаев кезіндегі Қазақстан жаңғырып, мүлдем жаңа Қазақстан болуы тиіс! Сондықтан парламент те, үкімет те жаңа тұрпатта жұмыс жасауы керек. Смайылов үкіметі айтарлықтай табысты істерімен көзге түспеді. Сенімді ақтамады. «Тірі өлік» кейіпте болды. Жаңа үкімет не істеуі керек? Ең бастысы, Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс», — дейді белгілі саясаттанушы Сайын Борбасов.

«Ораз Жандосов, Ғалымжан Жақиянов, Әлихан Бәйменов, Асхат Аймағанбетов, Мұхтар Жәкішов, Әкежан Қажыгелдин, Бергей Рысқалиев, тіпті, билікті сынап жүрген, алайда еліміздегі экономиканың қыр-сырын жетік білетін Мұхтар Әбілязовты да билікке, министрлер құрамына шақырса артық болмас еді. Оппозиция бізге жау емес. Осындай сыртта жүрген азаматтардың күш-жігерін, біліктілігімен тәжірибесін пайдаланған жөн. Меніңше, осылардың ішінде премьерге лайық тұлға Мұхтар Жәкішов деп ойлаймын», — дейді сөзін түйіндеген саясаттанушы.

Әлбетте, жаңа премьер-министр Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев болады-мыс деп жүргендер де баршылық. Қалай айтсақ та, не деп тәпсірлесек те жаңа премьермен оның министрлеріне үлкен жүк, атан түйе, тарта алмас жауапкершілік артылмақ. Жаңа Қазақстанды құру үшін соны бастамалардың, тың серпіндердің тегершігі болуы тиіс. Осы орайда, «Қазақстанның 13-премьері кім болады?» деген тақырыпта белгілі қоғам қайраткері, «Ұлт тағдыр» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім мырзаны әңгімеге тартқан едік.

  • Сайлаудан кейін үкімет ауысады деп жатыр. Жаңа мәжіліс, Жаңа үкімет дегендей. Смайылов үкіметіне көңіліңіз толды ма? Жаңа үкіметтен не күтесіз?

 Мен үкімет ауысады дегенді қабылдай алмаймын. Бізде көбіне, үкіметбасы кетеді де, орынбасары соның орнына жылжи салады. Бұл үкіметтің ауысқаны болып табылмайды. Өркениетті елдерде министрлер кабинеті толығымен кетеді. Сайлауда жеңіп шыққан партия – үкіметті жасақтайды. Бізде бәрі, керісінше. Сондықтан үлкен бір өзгеріс күтпеймін. Смайылов үкіметіне көңілім толған жоқ. Олар қымбатшылықты ауыздықтайтын пәрменді бағдарлама жасауға да шамасы келмеді. Бұрынғы қалыпта, бұрынғы бағытта жұмыс істеді. Келесі үкіметте азаматтардың аты-жөндері ауысқанымен, олар да осы таптаурын жолмен жүре беретіні хақ. Үлкен өзгерістердің, серпінді реформалардың дәнекершісі болады дегенге өз басым сенбеймін.

Ақиқатқа тура қарайтын болсақ, бұл жолы да «баяғы жартас, сол жартас» болып қала берері хақ. Өйткені жаңа саяси күш, жаңа топты көріп тұрған жоқпын. Бұрынғы топ, бұрынғы бағыт қалады. Сондықтан бір өзгеріс болады деген ойда емеспін. Біздің жүйедегі ең басты кемшілік, атқарушы биліктің басшысы өзіне қажетті адамдарды тағайындай алмайды. Өкініштісі – бұған олигархтық топтар, президент бәріне араласады. Меніңше, президент үкіметбасына командасын өзі жасақтауға мүмкіндік бергені дұрыс сияқты. Өйткені біз парламенттік ел емеспіз. Жеңген партия үкіметті жасақтайтындай. Сондықтан премьер өз командасын өзі жасақтап жатқаны жөн бе деймін.

– Үкіметтің құрамынан кімді көргіңіз келеді?

 Үкіметтің басшылық құрамы толық ауысқанын қалар едім. Орын алмастырғанын қаламаймын. Бізде қалай, бұрыннан келе жатқандар бір орыннан жылжып, екінші креслоға қонжия салады. Мұны үкімет ауысты деп айтуға болмас. Ал «мынадай адам министр болса» деп айта алмаймын. Рас, қоғамда «анау болса екен, мынау болса екен» деп аттарын атап, түстерін түстеп жатқандар бар. Мәселен, Мұхтар Жәкішов туралы әңгіме бар. Жақсы азаматтар көп. Бірақ олар өз істерін сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдей ала ма? Мемлекеттің экономикалық бағытына қан жүгіртіп, жан бітіруге әлеуетті ме? Мәселе, сонда ғой. Өзі жақсы, көзі жақсы, сөзі жақсы дейтін заман емес. Қазіргі уақытта бізге нақты істері арқылы өзін таныта алатын тұлғалар қажет-ақ. Меніңше, олардың бәріне бірдей қойылатын бір шарт болу керек сияқты. Ол мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі. Онсыз қанша жақсы азамат болса да, билік тізгінін ұстатуға болмайды.

– Премьер кім болса дейсіз?

 Премьер кім болады дегенге келсек, бұл жерде оза шауып, сәуегейлік жасағым келмейді. Бәрі президенттің қолында. Кімді айтты, кімді көңілі қалады, сол болады.

– Жаңа үкімет жұмысты неден бастауы тиіс? Өйткені жаңа Қазақстан деп жатырмыз. Соның іргетасын қалауға шамасы келе ме?

—  Егер маған салса, ең бірінші мемлекеттік тіл туралы заң шығаруды қолға алар едім. Ең бастысы – осы. Содан кейін демократиялық институттарды құра бастар едім. Соның ішінде – жергілікті өзін-өзі басқару мәселесі. Бірақ бұлардың бәрі үкіметтің құзіретінде емес. Бұл мемлекеттің болашақтағы саясатын анықтайтын президенттің және заң шығарушы парламенттің қолында. Үкімет – соны атқарушы ғана. Өкініштісі, ескі жүйеден келе жатқандар бұған жол бере қоймас. Дегенмен мына жаңадан сайланған парламент бір өзгеріс жасар. Соған бек сенейік.