«Назарбаев «аяма» деді». Экс-генерал Шабдарбаев Рахат Әлиевтің өліміне қатысты деректерді бөлісті

736

Генерал-лейтенант, чекист Амангелді Шабдарбаев Abay Live YouTube арнасына берген сұхбатында Рахат Әлиевтің өліміне қатысты деректерді бөлісті, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Генерал-лейтенант Рахат Әлиевке қатысты істің қалай қозғалғанын айтты.

«Рахат Әлиев туралы алғаш мен қозғағанмын. Рахат Назарбаевтың баласындай болды. Оған қатты сенетін. Рахаттан бәрі қорқатын, шошитын. Рахат десе бәрі ішкен асын жерге қоятын. Бірақ 2007 жылдары Нұрбанкке қатысты оқиға болды. Құжаттар қолыма түскеннен кейін оның бірнеше банкирдің жоғалуына қатысы болғаны көрінді. Мен Нұрсұлтан Әбішұлына барып «Рахат Әлиевке қатысты іс қозғайықшы» дедім, ол «есің дұрыс па? енді менің отбасыма тиісейін дедің бе?» деп кабинетінен қуып шықты, екінші рет тағы барғанымда «сенгенім сен болсаң» деп тағы қуып шықты. Кейін маған жыны келіп, «сен туралы көп айтылып жатыр, балаларыма тиісіп жүрсің» деді. 7 мамырда барлық құжатты жинап, 8 мамырда алдына кірдім. «Халық шулап жатыр, іс қозғау керек» дедім. Ол маған «жауап бересің әлі» деді. Сөйтіп жоспарымды айттым. Кейін ол Рахатқа іс қозғау туралы тапсырма берді», — деді ол.

Амангелді Шабдарбаевпен не туралы сөйлескенін ашық айтты.

«Мен Рахат Әлиевті қыстым десе де болады. Ол Венаға кетіп қалды. Рахаттың Венадағы командасы жиналып, Назарбаевқа қарсы ақпарат таратпасаң, саған пана берілмейді деді. Назарбаев мұндайды бұрын көрмеген ғой, ол қатты ызаланды. Бірақ іс қозғалайын деп жатқанда Рахат Дариғаны, жақындарын алып ұшып кетті. Мен кете беруіне жол бердім. Ол қалғанда ештеңе жасалмайтын еді. Оның үйіне кіре алмас едім, санкция берілмес еді. «Жауап бересің» дегенді сол кезде көрер едім. Назарбаев мені шауып-шауып, өртеп тастар еді. Бірақ Рахат сол жаққа кетіп, бетін ашты. Назарбаев «аяма» деді. Біз Алматы мен Астанадағы нүктесін алдық. Барлық Қазақстанның сөйлескенін жазған ғой. Кейін Рахат маған телефон соқты. Соны жазып алуым керек еді. Ол маған «ақылды адамсыз ғой, мені қорғаңыз демеймін, араласпаңыз, не қалайтыныңызды айтыңыз» деді. Мен «марқұмдардың денесі қайда жатқанын» сұрадым», — деді ол.

Генерал Рахат Әлиевтің қалай өлтірілгені туралы айтты.

«Рахат өзі келді. Ол жабық бір құпия затын сотта көрсетемін деді. Ол бәрін жазып алған. Ол билікке Дариғаны әкелемін деді», — дейді ол.