Шымкентте 500-ге жуық адам «қандас» мәртебесін алды

737

2022 жылғы маусымындағы жағдай бойынша Шымкент қаласында 450 адам, 331 отбасы «қандас» мәртебесін алды, деп хабарлайды ardak.kz. Бұл туралы Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының дерегінше, 6 айға қандас мәртебесін ұзартқандар саны 65 отбасынан 75 адамды құрайды.

Қандас мәртебесін алған 450 адамның ішінде – 224 ер адам және 226 әйел адам, 18 жасқа дейінгі тұлғалар – 106 адам, еңбекке қабілетті жастағы адамдар – 210 адам, зейнеткерлік жастағы адамдар – 134 адам, жоғары білімді – 53 адам, орта арнайы білімді – 156 адам, жалпы орта білімді – 178 адам, білімі жоқ – 63 адам. Қоныс аударған қандастар ТМД және шетелдерден көшіп келген этникалық қазақтардың басым бөлігі Өзбекстан Республикасынан келгендердің үлесінде. Өзбекстаннан келген – 432 адам, Ираннан – 2 адам, Ауғаныстаннан – 15 адам, Монголиядан – 1 адам. Шымкентте 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» жұмыс істейді. Аталған орталықтың мақсаты – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қандастар мен олардың отбасыларына 6 ай бойы бейімдеу және кіріктіру бойынша қызметтер көрсету.

Бүгінгі таңда бейімдеу қызметін 11 отбасынан 17 адам алуда. Айта кетейік, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты “Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы” Отанына оралған ағайынға тұрмыстық, әлеуметтік, психологиялық, құқықтық тұрғыда толықтай көмектер ұсынып, кіші мамандықтарға оқытып, сол бойынша жұмысқа орналастыруда қызметтерін ұсынады. Қазақ, орыс тілінде, ҚР тарихын, ҚР заңдылықтарын оқытып, қиындықсыз қоғамға кірісіп, әлеуметтік ортаға еркін бейімделіп кетуіне барынша қолдау көрсетеді. Орталықта уақытша тұруына 6 ай дейінгі мерзімге орналастырылады. Мекеме ғимараты 170 орындық 39 бөлмеден және кеңседен құралған.