Әлиевтің бастық болуы: Ескі Қазақстан қайта бас көтерді ме?

702

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Нұрәлі Әлиев жаңа қызметке тағайындалды. Ол «Транстелеком» АҚ Директорлар кеңесін басқарады.

«Облигациялары Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми тізімінде тұрған «Транстелеком» АҚ 2023 жылғы 25 шілдедегі акционерлердің жалпы жиналысының нәтижесінде Компанияның Директорлар кеңесінің басшысы тағайындалды», — деп хабарлады KASE.

Сонымен директорлар кеңесі осы адамдардан тұрады: Н.Р. Әлиев, Д.А.Покупателев, Б.М. Өтемұрат, Э.М.Гумаров, А.М. Ахметжанов, В.А. Аниховский, К.У. Ибраимов.

KASE дерегінше, компания акционерлерге 2022 жылдың қорытындысы бойынша дивидендтер төлемейді.

Биылғы шілде айының басында «Unit Telecom» ЖШС (75%) мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы (25% ) «Транстелеком» акционерлері болған.

Еске салсақ, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асылов жолдаған сауалында клептократтардың елден $150 млрд алып кеткенін мәлімдеген. Депутат олардың ішінде, Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұралі Әлиевті, Қайрат Шәріпбаевты атаған.

«Біз клептократтар отыз жыл бойы талан-таражға салған халық байлығын елге қайтаруымыз керек. Бұл кемінде 150 млрд доллармен өлшенетін қазына. Ал осы қаржыны қайтаруға бірінші кезекте міндетті органдар «заң қабылдаған соң іске кірісеміз» деп, арқаны кеңге салуға болмайды. Елден жылыстаған активтерге тықыр таянған сайын, клептократтар оны түрлі схемалармен әлемнің түкпір-түкпіріне тығу әрекеттерін жанталаса жасап жатыр», — деп мәлімдеді.

««Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы құрамынан стратегиялық маңызы бар «Транстелеком» компаниясы экс-президент Назарбаевтың немересі Нұрали Әлиевке сутегін берілгенін, Сіз қалай бағалайсыз? Баланстық құны 250 млрд теңге тұратын, жылдық түсімі 80–90 млрд теңгені құрайтын ұлттық меншік небәрі 18 млрд теңгеге сатылды. Әзірге менің Сізге жолдайтын сауалым осы «Транстелеком» Нұрали Әлиевке әр жылдары жалпы көлемі 8 миллиардқа жуық дивиденд төлеген. Енді осыншама зор көлемдегі заңсыз төленген ақшаны тезірек арада қайтару керек», — деп мәлімдеді Ермұрат Бапи бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында.

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев депутат көтерген сауалға байланысты:

«Транстелеком компаниясының тікелей Үкіметке тиесілі акциялары жоқ. Бәлкім, Қазақтелекомның немесе басқа да акционерлік қоғамдардың үлесі бар шығар?.. Бірақ активтерді қайтару заңы аясында зерттелетін болса, қарастырылуы мүмкін. Өйткені әлі тиісті комиссия құрылған жоқ. Бұл мәселемен бас прокуратураның қарамағындағы арнайы ведомство айналысады.

Егер бүкіл критерийлер заң аясына сәйкес келіп тұратын болса, заң аясына тартуға мүмкіндік болса, әрине тартылады», — деп жауап берді.

Ал «Транстелекомның» басшылығына келген Нұралі Әлиевті танымайтынын айтқан.

Нұрәлі Әлиев 2022 жылғы Forbes рейтингіне сәйкес Қазақстанның ең бай бизнесмендері тізімінде 26-шы орында тұр.

Әлиев «Capital Holding» инвестициялық ЖШС, «Darmen Holding» ЖШС-нің тең иесі, «Транстелеком» АҚ-ның мажоритарлық акционері, «Жаңарту» қайырымдылық қорының және халықаралық Snow Leopard Foundation-ның құрылтайшысы.

Бұқаралық ақпарат құралдарында Әлиевтің «Еуропа плюс Қазақстан» ЖШС, «Тәуелсіз телевизиялық арна» ЖШС-де үлесі бар деп жазылады.

Abai.kz