Басты Қазақстан «Інім Қасым-Жомарт ағайындарымызға қызмет үлестірген жоқ»
Ақордадағы басты өзгеріс Алматы облысына қарасты Кәлпе ауылының қарапайым ауыл тұрғындары үшін де үлкен жаңалық болды. Бұл ауыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ атажұрты. Сондықтан да қараша ауылдың халқы мәз-мейрам. Жас АЛАШ сайтының өңірдегі тілшісі Ербол ІЛИЯС президенттің жерлестеріне жолығып қайтты.
Өздерін жаңа президенттің жерлесіміз деп санайтын Қаратал ауданындағы Кәлпе ауылының тұрғындары бір-бірін құттықтауды кешеден бастап кетіпті. Ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелер, тіпті, қуанышты хабарды естігенде таңғы 4-ке дейін көз ілмегендерін айтады. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ ел тізгінін ұстады деген жаңалықты естіп, ерекше қобалжығандардың бірі сол ауылда тұрып жатқан президенттің немере әпкесі Мағфура МЫРЗАХМЕТҚЫЗЫ. Көз жасына ерік берген президенттің туысы Қасым-Жомарт Кемелұлымен тете өскенін айтады. Мағфура апаның әкесі Мырзахмет президенттің атасы Тоқаның туған інісі екен. Мемлекет басшысының 70 жастағы әпкесі бауырымның осындай ірі саяси тұлғаға айналатыны айдан анық еді дейді.
«Ол кісі сабырлы, ешкімде шатағы жоқ адам. Біздің тұқымымыздың бәрі сондай. Сосын адал, адамды алдау дегенді білмейді. Қаншама үлкен қызметтерде жүрсе де ағайын-туысқандардың бірінде жайлы орындарға жайғастырған жоқ. Мен екі рет оны Астанаға іздеп бардым. Алғаш рет барғанымда мені кіргізбей қойды. Не себепті екенін білмеймін. Екінші рет анасы дүние салғанда бардым. Бірақ ол кезде де кіре алмай қайттым. Бала күнінен ақылды, алғыр еді. Үнемі ой үстінде жүретін. Сол қасиеттерінің арқасында осы жетістікке жетіп отыр ғой», — дейді Қасым-Жомарт Тоқаевтың немере әпкесі Мағфура Мырзахметқызы.
«Теледидардан көрдік. Естіп қатты қобалжыдық, қуандық. Тіпті, мен таңғы 4-ке дейін ұйықтай алмай жаттым. Қасымды соңғы рет Үштөбеде Кемел ағамыздың атындағы мектеп пен ескерткіш тақтаны ашқан кезде көрдім. Маған және әпкесіне полицейлер қасына баруға рұқсат берді. Сосын мен «Қасым-Жомарт, кішкентай кезіңде мұрныңнан боқ ағып жүгіріп жүруші едің, мені таныдың ба» деп сұрадым. Сол кезде мені құшақтап «келіңіз, келіңіз» деп құшақтап бетімнен сүйді», — дейді Тоқаевтар әулетінің келіні Роза ОРДАБАЕВА.
Ауыл әкімдігіндегілер де бұл өзгерістен үлкен үміт күтетіндерін жасырмайды. Бірақ, әзірге, ауыл басшысының кабинетіндегі президент портреті ілінетін орын бос тұр.
Кәлпе халқы екінші президент бар қазақты бір қазақтай көріп, Елбасының саясатын жалғасытырса дейді.
«Әділетті кісі (Қ.Тоқаев), ешкімді бөліп көрмеген. Осы ауылдың тумасымын, кіндік қаным тамған жер деп тартпай барлық қазақтың ауылына көмектессе екен. Бірінші президентіміз Елбасы айтып кетті ғой қазақ халқы үшін туғанбыз деп. Олар халық үшін туған кісілер ғой. Халықты көтеру керек, біз соны тілейміз», — дейді, Кәлпе ауылының тұрғыны Марат ҚОРЖЫНБАЕВ.
Президенттің әкесі Кемел Тоқаев тұрған үй
Президеттің әкесі Кемел ТОҚАЕВ тұрған мына үйдің қазір де ошағы өшпеген. Дегенмен, әзірге қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаған жазушының музей үйіне айнала қоймапты.
Бұл үйдің қазіргі иесі Данияр ЖҰБАНЫШБАЕВ Тоқаевтардың қара шаңырағы ескіргенде әкесінің тозығы жетсе де ырымдап сатып алғанын айтады.
«Мұнда бұрын Кемел Тоқаев тұрған. Әкем бұл киелі шаңырақ деп президент әкесінің үйін қайта жөндеуден өткізді. Қазір өзіміз осы үйде әке-шешемізбен тұрамыз. Көшеміз де Кемел Тоқаевтың атында», — дейді Данияр Жұбанышбаев.
Тоқаевтар әулеті Кәлпе ауылында тамыр жайғанмен, қазіргі президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Алматы қаласында туған. Дегенмен, жаңа мемлекет басшысын жатсынбайтын ауылдастары оны жерлесіміз деп есептейді.
Мәселен ауыл әкімдігінде өңірден шыққан өнер қайраткерлері Қанабек БАЙСЕЙІТОВ, Бикен РИМОВАЛАР мен әкелі-балалы ТОҚАЕВТАРДЫҢ да фотосы ілініп тұр.
Ауылда 1700 адам тұрады екен. Ірі өндіріс ошағы жоқ. Тұрғындардың бәрі егін және малшаруашылығымен күнелтіп отыр.
Аудандағы басқа елді-мекендерден айтарлықтай ерекшелігі жоқ, жолдары жамалмаған. Тек Кемел ТОҚАЕВ атындағы көшеге жуырда ғана асфальт төселген екен.
Фотолар автордікі.