Басты Түркістан облысы Сарыағаштағы кеден бекеттерінде шетел азаматтарының жалған карточкаларды пайдалану деректері көбейген – Прокуратура
Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы кеден бекеттерінде шетел азаматтарының жалған карточкаларды пайдалану деректері көбейген. Бұл туралы өңірдің прокуратура қызметкерлері кезекті Үйлестіру кеңесінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қадағалау органдары өкілдерінің айтуынша, шекара қызметі жалған карточкаларды пайдалану деректеріне қатысты 2018 жылы – 62, 2019 жылы – 249 фактіні тіркеген. Сондай-ақ, шекарадағы бекеттерден өтіп жатқан жүк көліктерін тексеру жұмыстары сапасыз жүргізіледі. Ондағы автотұрақтардың жағдайы да сын көтермейді. Типтік түрде салынбаған және антисанитариялық жағдайлардағы автостанцияларда тиісті рұқсаты жоқ. Техникалық талаптарға сәйкес келмейтін көлік құралдары күнделікті жолаушыларды тасымалдауда. «Атамекен», «Қапланбек», «Қазығұрт» пен «Қонысбаев» кеден бекеттеріндегі ретсіз сауда орындары және ақша айырбастау пунктері әлі күнге дейін заң талаптарына сәйкестендірілмеген.
Жыл бойы осы және басқа да мәселелерге жауапсыздықпен қараған құзырлы органдардың лауазымды тұлғаларының есептері мен жауаптары тыңдалып, оларға берілген тапсырмаларды орындау турасында қатаң нұсқаулар жасалған. Аталған кемшіліктерді ретке келтіру мақсатында облыс прокуроры өз міндеттерін талапқа сай орындамаған лауазым иелерінің жауаптылығын қатаң түрде қарауды ұсынып, кеден маңында қалыптасқан проблемалық жұмыстарды қайта қарауды тапсырды.