ТҮРКІСТАН: МИНИСТР ӨҢІРЛЕРГЕ САЙРАМДАҒЫ ҚАРҚЫНДЫ БАУ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІН ЕНГІЗУДІ ТАПСЫРДЫ

788
Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қарасу ауылдық округінде қарқынды бау шаруашылығы дамып келеді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен ауданға келіп, осы саладағы мәселелерді зерделеді. Белгілі кәсіпкер, «Dala fruit. kz» ЖШС-нің басшысы Болатбек Нәжіметдинұлы тамшылатып суғару әдісімен қарқынды бау өсіру аясында іске асырылған жобалармен таныстырды.
Министрге алма жемістерінің сұрыптары, сақтау қоймалары, шырын дайындап шығару әдісі, сонымен қатар 302 гектарға жуық баудағы алма және қара өрік жеміс ағаштарын өсіру барысы көрсетіліп, мәлімет берілді.
Жоба бойынша 2013-2016 жылдар аралығында 102 гектар жер теліміне алма, 5 гектар жер теліміне қара өрік көшеттері отырғызылған. Ол «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған. Бақ заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, тамшылатып суғару әдісі қолданылған. Ашылған жұмыс орны — 77. 2020 жылы бақтан 4000 тонна алма, 100 тонна қара өрік өнімі жиналған.
Бүгінгі таңда сыйымдылығы 15500 тонналық көкөніс және жеміс-жидек сақтайтын қойма іске қосылған. Бұдан бұрын 2017 жылы сыйымдылығы 8200 тонналық, 2019 жылы сыйымдылығы 7300 тонналық қойма жұмысын бастаған болатын.
2018 жылы кәсіпорында тауарлы емес (падалица) алманы қайта өңдейтін цех іске қосылып, 12 жұмыс орны ашылған. Жобаның қуаттылығы — жылына 11 мың тонна тауарлы емес алманы қайта өңдеп, 7,7 млн. литр алма шырынын шығару. Бүгінгі таңда тұрақты жұмыс атқаруда. Жобалардың жалпы құны 6,17 млрд. теңгені құрады.
Жоба бойынша мемлекеттік инвестициялық субсидиялар тұрақты берілуде. Серіктестің өндірген өнімдеріне сұраныс жоғары. Табиғи және таза өнімдер Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарына сатылымға шығарылуда.
Аралау барысында министр өзекті мәселелерді тыңдап, аталған серіктестіктің жұмысын жоғары бағалады. Сайрамдағы жобаны өзге өңірлерге тәжірибе ретінде ұсыну қажеттігін айтты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі