Арзан автонесие: 71 мың адам темір тұлпар алады

944

  Сәуірде еліміздегі жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы іске қосылуы мүмкін.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі бұл мақсатқа биыл 100 млрд теңге қаралатынын мәлімдеді. Үкімет есебінше, 71 мың адам жаңа көлік алады. Әрбір қарыз алушыға жылдық 4 проценттік мөлшерлемемен 10 млн теңгеге дейін несие беріледі. Көлік одан қымбатырақ болса, қалған соманы сатып алушы өз қалтасынан шығарады. Әзірге бағдарламаның нақты талаптары айтылмады. Бірақ министр отандық көліктердің бағасын аспандатпауға жағдай жасаймыз деді.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

 Шешімді сәуір айында толығымен қабылдаймыз ба деп отырмыз. Өйткені қазір ол талқылауда. 10 млн теңгеге дейін тұратын машиналардың бағасын 4 процентпен беретін боламыз. Одан асатын мәшине болса, бағасы одан көп болса, оны өз қалтаңыздан төлейсіздер.

Ал былтырғы көлік салығын 1 сәуірге дейін төлеу қажет. Бұл уақыттан кешіктірген жүргізушілер банк қызметтерін ала алмайды, есеп-шот ашып, несие рәсімдеу құқығынан айырылады. Ұлттық статистика агенттігінің мәліметінше, былтыр елімізде 3 миллион 800 мың жеңіл көлік бар екені есептелді. Биыл 92 мың 589 автомобиль жаңадан тіркелген. Қозғалтқыш көлемі 3-тен 4-ке дейінгі көліктер үшін салық биыл – 107 мың 205 теңге мен 202 мың 158 теңге аралығында болады. Ал қозғалтқышы 4-5 мың текше см көлік иелері – 398 мың 190 теңге салық төлейді. Көлемі 5 мың текше см асатын темір тұлпар иелері – 612 мың 600 теңге салық төлеуі тиіс.