МЕГАПОЛИСТЕ «ЦИТАДЕЛЬ» ҚАЛАШЫҒЫ АШЫЛДЫ

1438

1 Мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесі қарсаңында Шымкент қаласының биік нүктелердің бірінде орналасқан тарихқа толы орын, «Цитадель» қалашығы ашылды, деп хабарлайды Айғақ-ақпарат. Мерекелік шара Шымкент қаласындағы  «Тәуелсіздік саябағына» ағаш көшеттерін отырғызудан басталды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов этномәдени бірлестік төрағаларымен қаланың жасылдануына атсалысып, өз естеліктерін қалдырды. 

«Цитадель» қалашығында қорғанды бойлай қолөнершілердің туындылары мен шеберлік орындары орналасып, нағыз демалыс орны пайда болған.  Қорғанның ішінде көненің көзіне қызығатын барша жандар үшін ашық аспан астындағы музей орналасқан.  Тарихи қалашық болашақта туристер мен қала тұрғындарының қызықты орындарының біріне айналатын болады.  Аталған нысанда археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Нәтиже де жоқ емес.  Жерасты қаласында археологтар көптеген тарихи жәдігерлер тапқан.  Айта кетейік, Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі 1996 жылдан бастап атап өтіледі. Достық пен өзара түсіністіктің нышаны болған бұл мейрам — Қазақстан қоғамындағы біріктіруші факторлардың бірі. Ал Қазақстан — мәдениеттерінің, тілдері мен дәстүрлерінің әралуандығы басты байлығына айналған, ал азаматтары жасампаздық пен даму идеясы айналасында біріккен ел. Сол тұрғыдан алғанда 1 мамыр мерекесі елімізде ұлттар мен ұлыстардың достығы мен татулығының, азаматтық келісімнің, ауызбірлігінің жарқын көрінісін паш етеді. Қазақстан халқының бірлігі күнін жаңа тұрпатта тойлау қажеттігін, оны еліміздің басты мейрамына айналдыру идеясын Елбасы Н. Назарбаев 2011 жылы көтерген болатын.